Отарда сарбаз жарақат алған оқиғадан кейін төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылды

Отарда сарбаз жарақат алған оқиғадан кейін төрт лауазымды тұлға қызметінен босатылды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімде орын алған оқиғаға қатысты кадрлық шешімдер қабылданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Әскери бөлімнің бірінде мерзімді қызмет сарбазы Есбол Қапардың жағы сынуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. 

Ведомствоның мәлімдеуінше, бөлімдегі лауазымды адамдардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, қызметтік тексеру жүргізілген.

«Басшылық құрамдағы төрт лауазымды тұлға – әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметінен босатылды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әскери бөлім командирінің орынбасары – штаб бастығына, батальон командирінің орынбасарына және оның тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарына қызметтік әрекетке сәйкес емес деп ескерту жарияланды. Бірқатар офицер мен сержантқа қатаң тәртіптік жаза қолданылды.

Министрлік түпкілікті қорытынды мен құқықтық баға тергеу нәтижесі бойынша берілетініне назар аударды. 

Еске сала кетсек, 17 ақпанда Маңғыстау облысындағы Бейнеу полигонында атыс жаттығуын өткізу кезінде бір сарбаз қаза тапты.