Бейнеудегі полигонда атыс жаттығуы кезінде бір сарбаз қаза тапты

Бейнеудегі полигонда атыс жаттығуы кезінде бір сарбаз қаза тапты
Фото: sarbaz.kz

Маңғыстау облысындағы Бейнеу полигонында атыс жаттығуын өткізу кезінде бір сарбаз қаза тапты. Қазір осыған қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«17 ақпанда Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығуын өткізу кезінде Құрлық әскерлері «Батыс» өнірлік қолбасшылығының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаруды пайдалану барысында оқ жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмды. Осы факті бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады», делінген хабарламада.

Жазатайым оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев бастаған комиссия жіберілді.

«ҚР Қарулы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Оның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетіледі», делінген хабарламада.

Еске салсақ, сарбаз өліміне қатысты қылмыстық істі тергеуді Бас прокуратура бақылауына алды.