Маңғыстаудағы сарбаздың өліміне қатысты істі Бас прокуратура бақылауға алды
Ақтау гарнизонындағы сарбаздың өліміне қатысты істі тергеу басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«17 ақпанда Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызметшінің қайтыс болу фактісі бойынша әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор, Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаментінің бастығы барды», делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, қазір қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, арнайы сараптамалар тағайындалды. Осы іс бойынша процессуалдық прокурор белгіленді. Сондай-ақ, істің тергелу барысы ҚР Бас прокуратурасы тарапынан бақылауға алынды.
Еске сала кетсек, Қорғаныс министрлігі Жамбылдағы сарбаздың өлімінен кейін шұғыл шаралар қабылданғанын жариялады.