Отандық ғалым әйелдерге академик Найля Базанова атындағы марапат табысталды
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы отандық ғалым әйелдерге арналған академик Н.Базанова атындағы марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Атаулы іс-шараға отандық ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші ғалым әйелдер, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары қатысып, жалпы саны шамамен 400-ге жуық адам жиналды.
Айта кетерлігі, академик Найля Базанова – қазақстандық көрнекті ғалым, физиолог. Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы академик әйел, биология ғылымының жаңа саласы – ауыл шаруашылығы жануарларының физиологиясының негізін қалаушы. Ол қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі.
Академик Н.Базанова атындағы марапат – Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан, жоғары ғылыми жетістікке жеткен, жаңалықтар ашқан немесе қолданбалы зерттеу жүргізген ғалым әйелдерге арналған құрмет белгісі. Бұл марапат отандық ғылымдағы нәзік жандардың жетістіктерін мойындау, дәріптеу және жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында тағайындалған.

ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев шараның ашылуындағы сөйлеген сөзінде нәзік жандардың ғылым мен білім саласының дамуына қосып отырған үлесі ерекше екенін атап өтті. Бүгінде Қазақстанда ғылыми зерттеулермен айналысатын нәзік жандардың саны жыл сайын артып, ғылыми қызметкерлердің шамамен 56 пайызына жеткенін (12 893) жеткізді. Олардың ішінде ғылым докторы – 898, ғылым кандидаты – 2 859, PhD доктор – 2 229 және бейіні бойынша доктор– 185. Бұл көрсеткіштер ғылым саласындағы жетістіктердің елеулі бөлігі ғалым әйелдердің еңбегіне байланысты екенін атап өтті. Ол Ұлттық ғылым академиясы алғаш рет Найля Базанова атындағы марапатты тағайындағанын атап өтіп, биыл екінші рет еліміздің үздік ғалым әйелдері марапатталатынын сөзге тиек етті.
Іс-шара аясында дәстүрлі түрде ұйымдастырылған академик Н.Базанова атындағы марапат табыстау рәсімі өтті. Аталған марапатпен отандық ғылымның дамуына айрықша үлес қосып жүрген, ғылыми әлеуеті жоғары әрі ғылымның түрлі бағыттарында елеулі нәтижелерге қол жеткізген 66 жетекші ғалым әйел мен ғылыми қызметкерге салтанатты түрде марапатталды.
Бұл марапат еліміздің ғылыми қауымдастығында табысты еңбек етіп жүрген ғалым әйелдердің жетістіктерін мойындаудың және олардың ғылымды дамытудағы рөлін айқындаудың маңызды көрінісі болды.
Академик Н.Базанова атындағы марапатқа ие болған отандық ғалым әйелдердің тізімі:
| Фаузия Оразбаева | Айсұлу Молдашева | Еңлік Бегимбаева |
| Валентина Грищенко | Нэйла Бектұрғанова | Жанна Алманова |
| Меруерт Әбусейітова | Гүлнара Сейітпаева | Гүлфия Кучумова |
| Мариям Алимарданова | Марал Қалиева | Римма Уәлиева |
| Тамара Шалахметова | Меруерт Жанғожинова | Дина Бакранова |
| Наталья Силачева | Марина Моренко | Зульфия Баязитова |
| Зәкиш Садуақасова | Разиям Анаятова | Ақнұр Жидебекқызы |
| Тұрсынгүл Ботабекова | Жанна Хамзина | Гүлназ Молдабаева |
| Дани Сәрсекова | Роза Нарманова | Назым Аханова |
| Айманкүл Алдаш | Айнаш Ошибаева | Диляра Гриценко |
| Салтанат Нұрахметова | Әлия Нұғыманова | Оксана Тиванова |
| Гүлбану Ізбасарова | Елена Шевченко | Айсулу Молдабекова |
| Ләззат Спанқұлова | Ольга Степанова | Бақытгүл Масалимова |
| Бейбіткүл Кәрімова | Дария Шабдарбаева | Гулжаз Уәзіраханова |
| Людмила Ермұқанова | Дина Амандықова | Юлия Сафарова |
| Гаянэ Атажанва | Гүлнар Зияева | Дамира Канаева |
| Людмила Алексеева | Аида Сағынтаева | Айгүл Терлікбаева |
| Гүлмира Топанова | Дина Разақова | Галина Витюк |
| Дина Сатыбалдина | Елена Дмитриева | Жұлдыз Құрмамбаева |
| Шұға Манабаева | Гүл Баймақанова | Ботагөз Мүтәлиева |
| Гүлмира Есіркепова | Жанат Бисенбаева | Мәдина Барменшинова |
| Альфия Шамсутдинова | Индира Бейшова | Мәдина Ипалакова |
Еск сала кетсек, елімізде қанша әйел білім беру саласында жұмыс істейтіні белгілі болды.