Oreo печеньесінің қауіптілігі туралы тараған ақпаратқа министрлік түсініктеме берді

Бүгін, 15:47
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Oreo печеньесінің қауіптілігі туралы тараған ақпаратқа министрлік түсініктеме берді
Фото: freepik.com

Oreo печеньесінің қауіптілігі туралы тараған ақпаратқа Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Oreo печеньесінің қауіптілігі, оның кремді салмасы «пластикалық желім» екені және печеньенің «артерияларды бітеп тастауы» мүмкін екені жөніндегі ақпарат шындыққа жанаспайды және ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Кондитерлік өнімдер, оның ішінде печенье, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумағында тек Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келген жағдайда ғана айналымға жіберіледі», - деп жазылған министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Атап айтқанда:
• ТР ТС 021/2011 «Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» — микробиологиялық, токсикологиялық және физика-химиялық көрсеткіштер бойынша;
• ТР ТС 022/2011 «Тағам өнімдерін таңбалау бөлігіндегі талаптар» — өнімнің атауын, құрамын, тағамдық құндылығын, өндірілген жерін, өндіруші және шағымдарды қабылдайтын тарап туралы мәліметтерді, жарамдылық мерзімін және сақтау шарттарын көрсету бөлігінде.

«2025 жылы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында жүргізілген бақылау мақсатындағы сатып алу аясында Oreo печеньесінің үлгілері зерттелді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша микробиологиялық және токсикологиялық көрсеткіштер бойынша техникалық регламенттер талаптарына сәйкес келмейтін жағдайлар анықталған жоқ. Зерттелген барлық үлгілердің таңбалануы белгіленген талаптарға толық сәйкес келді.Комитет азаматтарды қырағылық танытуға, күмәнді дереккөздерден алынған жалған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерде жарияланған тексерілген ақпаратты басшылыққа алуға шақырады», - деп жазылған хабарламада.

Бұған дейін Қазақстанда бірнеше қара шай брендтеріне тыйым салынғанын жаздық.