Негізгі заңның Преамбуласы толықтай жаңартылып, жүйе құрушы мәнге ие болды – Диас Шәріпбай
Жаңа Конституция еліміздің қазіргі саяси-құқықтық кезеңін айқын көрсете отырып, болашақ дамудың іргетасын қалайды. Бұл туралы ҚР ӘМ Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару департаменті директорының орынбасары Диас Шәріпбай Әділет министрлігінде өткен Конституцияның жаңа редакциясы жобасын талқылауға арналған Қоғамдық кеңес отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы, өздеріңіз білетіндей, Конституциялық комиссия тарапынан ауқымды жұмыс нәтижесінде әзірленді.
Жарты жылға жуық уақыт барысында азаматтардың, сарапшылар мен кәсіби қауымдастықтың, саяси партиялар мен азаматтық қоғам институттарының тұжырымдамалық ұсыныстары жан-жақты, мұқият әрі ашық талқыланды.
Жаңа Конституция - еліміздің қазіргі саяси-құқықтық кезеңін айқын көрсете отырып, болашақ дамудың іргетасын қалайды. Онда Әділетті Қазақстанның негізгі конституциялық құндылықтары нақты бекітілген. Олардың негізінде – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деді ол.
Сонымен қатар ол негізгі заңның архитектурасы мен мазмұны қазіргі заман талабына сәйкес түбегейлі қайта қаралғанын айтқан Диас Шәріпбай оның негізгі новеллаларына қысқаша тоқталып өтті.
«Жаңа Конституция жобасы Преамбуладан, 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады.
Негізгі заңның Преамбуласы толықтай жаңартылды. Ол енді тек кіріспе сипатта ғана емес, сонымен қатар жүйе құрушы мәнге ие болды.
Халық бірлігі мен тарихи-мәдени тұтастықты айқындау мақсатында алғаш рет «Қазақстанның біртұтас халқы» деген ұғым бекітілді.
«Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» қағидататтары конституциялық көрініс тапты.
Алғаш рет Конституция - Қазақстан Республикасының Ата Заңы ретінде бекітілді», – деді Диас Шәріпбай.
Бұған дейін Әділет министрлігінде Конституцияның жаңа жобасы талқыланғанын жаздық.