Елімізде дәрі-дәрмектің бағасы мемлекеттік реттеу барысында төмендеген - комитет

Елімізде дәрі-дәрмектің бағасы мемлекеттік реттеу барысында төмендеген - комитет
Фото: freepik.com

Әлеуметтік желілерде дәрілік заттар бағасының жаппай өсуі туралы ақпарат таралып жатыр. Аталған мәліметтер жүргізілген мониторингтің нақты деректеріне сәйкес келмейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне сілтеме жасап.

Комитеттің мәлімдеуінше, ведомство 2025 жылы елімізде дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеудің жаңартылған тетігін іске қосты. Бұл тетік баға қалыптастырудың ашықтығын, объективтілігін және болжамдылығын арттыруға бағытталған.

Қазіргі уақытта 4 994 сауда атауындағы дәрілік заттарға шекті баға бекітілген. Сонымен қатар, 1 707 рецептісіз босатылатын препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, уәкілетті органдардың тұрақты мониторингі жағдайында нарықтық бағамен сатылып жатыр.

20 өңірде жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша:

қыркүйек айында маусыммен салыстырғанда позициялардың 34%-ында баға төмендеген (орта есеппен 7,8%-ға);

қазан айында позициялардың 50%-ында бағаның төмендеуі тіркелген (орта есеппен 11,1%-ға).

Бағаның айтарлықтай төмендеуі келесі препараттар бойынша байқалды:

Гепар комп. Хеель — 41,2%-ға;  Ревмоксикам® — 32,5%-ға; Цефяпс — 31,6%-ға; ВАЛМАК-Н — 24,7%-ға; Зитмак® — 20,0%-ға.

Аталған дәрілік заттар сұранысқа ие және түрлі ауруларды емдеуде кеңінен қолданылады.

Комитет еліміздің барлық өңірінде дәрілік заттар бағасына жүйелі мониторинг жүргізеді. Шекті бағадан асыра сату фактісі анықталған жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген.

Бағаны негізсіз көтеру немесе дәрілік заттарды өткізу кезінде заңбұзушылықтар туралы DariKZ мобильді қосымшасы арқылы, сондай-ақ комитеттің өңірлік департаменттеріне жүгіну арқылы хабарлауға болады.