«Мөлдір бұлақ» акциясы: Өңірлерде 30 бұлақтың көзі аршылып, айналасы тазартылды
Су ресурстары және ирригация министрлігінің бастамасымен Қазақстанда бұлақтарды тазалауға арналған «Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауа райына байланысты алғашқы кезеңде акция еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі 30 бұлақта өткізілді. Атап айтқанда, Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстары. Акцияға бір мезгілде 9 мыңнан астам адам қатысты. Олар бұлақтардың көзін ашып, қалпына келтірді. Сонымен қатар айналасындағы аумақ тазартылып, абаттандырылды, қоқыс жиналып, көшеттер отырғызылды.
Жамбыл облысының Жамбыл, Меркі, Сарысу, Шу, Талас, Т.Рысқұлов, Байзақ және Қордай аудандарында 8 бұлақ тазартылды. Оған 845 адам қатысты.
Жетісу облысында 7 бұлақ тазартылды. Жұмыстар Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Көксу және Панфилов аудандарында жүргізілді. Оған 617 адам атсалысты
Алматы облысында 6 бұлақ тазартылды. 5 жағалау аумағы абаттандырылды.
Жұмыстар Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарында, сондай-ақ 5 жағалау аумағында (Іле, Қаскелең, Түрген, Күрті өзендерінің және Қапшағай су қоймасы) жүргізілді. Оған 1 500 адам қатысты.
Түркістан облысында 6 бұлақ және 8 су нысаны тазартылды. Жұмыстар Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Сайрам және Түлкібас аудандарында, сондай-ақ Кентау қаласында жүргізілді. Оған 1 300 адам атсалысты.
Шымкент қаласында 1 бұлақ тазаланды. Ол Абай ауданындағы Бөржар бұлағы. Акцияға 120 адам атсалысты.
Қызылорда облысында 2 бұлақ пен 6 өзен арнасы тазартылды. Жұмыстар Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Шиелі, Сырдария, Жаңақорған аудандарында және Қызылорда қаласында жүргізілді. Жұмысқа 4 850 адам атсалысты.
Еске сала кетсек, Наурыз мейрамы қарсаңында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздің барлық өңірінде бұлақтарды тазалауға бағытталған «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясын бастағанын хабарладық.