Мехикода Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

Бүгін, 18:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мехикода Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды
Фото: СІМ

Қазақстан Республикасының Мексика Құрама Штаттарындағы елшілігінде Қазақстанның Мехико қаласындағы Құрметті консулдығын ашу рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының елшілігі, Қазақстанның Мехикодағы Құрметті консулы Карлос Баррера, Мексика Сыртқы істер министрлігінің Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс жөніндегі Бас директоры Анибал Гомес Толедо, Бас Конгресі Депутаттар палатасының депутаты және «Қазақстан-Мексика» парламенттік достық тобының төрайымы Марибель Мартинес Руис, Мексика Экономика министрлігінің, Мехико қаласының «Мигель Идальго» аудандық әкімдігінің өкілдері, Мексиканың Ұлттық өңдеуші өнеркәсіп палатасына (CANACINTRA) мүше іскер топтар өкілдері қатысты.

Іс-шараны құттықтау сөзімен ашып, Қазақстанның Мексикадағы елшілігінің кеңесшісі Ерлан Құбашев еліміздің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен елде жүзеге асырылып жатқан жүйелі реформалар туралы баяндады.

Сонымен қатар қазақ дипломаты Мексика Сыртқы істер министрлігіне К.Баррераның кандидатурасын қолдап, тағайындағаны үшін алғыс білдіріп, оның екі ел арасындағы байланыстарын дамытуға қосып отырған елеулі үлесін және елшілікпен тығыз өзара іс-қимылын атап өтті.

Іс-шара барысында Құрметті консулдықтың ашылуы Қазақстан-Мексика қатынастарын дамытудағы маңызды кезең екені аталып өтті. Құрметті консулдар институты халықаралық байланыстарды кеңейту, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында тиімді құрал ретінде өзін жақсы қырынан көрсетті.

Мексика Сыртқы істер министрлігінің Бас директоры А.Гомес Толедо екіжақты қатынастардың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстан мен Мексика арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 34 жыл толуымен құттықтады. Ол сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы Мексика үшін маңызды әрі сенімді серіктесі екеніне тоқталып, Мексикаға баратын қазақстандық туристер санының артып келе жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл өзара сенімнің нығаюын және халықтар арасындағы байланыстардың кеңеюін көрсетеді.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстан Республикасының Мехико қаласындағы Құрметті консулы болып тағайындалған К.Баррера қазақстандық тарапқа, сондай-ақ Мексика Үкіметі мен Сыртқы істер министрлігіне көрсетілген жоғары сенім үшін алғыс білдірді. Ол сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты қоса алғанда, екіжақты байланыстарды дамытуға, сондай-ақ екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды ілгерілетуге барынша жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.

Рәсім қорытындысы бойынша К.Баррераға Мексика Сыртқы істер министрлігі берген Құрметті консулдың ресми куәлігі табысталды.