Мектеп оқулықтары енді жаңа талаппен дайындалады
ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешенді (ОӘК) дайындауға, сараптауға және мониторингтеуге байланысты нормативтік базаны жаңарту және негізгі процестерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Өткен жылдың ақпан айында орта білім беруді дамытуға және сапасын арттыруға бөлінген қаражаттың пайдаланылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді.
Тексеру қорытындысы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігіне Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу, мониторингтеу және басып шығару қағидаларына өзгерістер енгізу тапсырылды.
Өзгерістерде:
- уәкілетті органның жекелеген баспаларға сұрау салмай тақырыптық жоспарды бекітуі;
- тақырыптық жоспарды міндетті түрде жариялау;
- авторлық ұжымға тиісті білімі мен жұмыс тәжірибесі бар кемінде үш білікті маман қосу туралы талапты енгізу;
- оқулықтарға сараптамалық бағалау жүргізудің нақты өлшемшарттарын белгілеу;
- оқулықтарды жаңартудың 5 жылдық мерзімін сақтау үшін оқулықтар мен ОӘК сапасын мониторингтеу тәсілдерін жаңарту көзделуге тиіс болды.
Нәтижесінде аталған өзгерістер ҚР Оқу-ағарту министрінің 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілді.
«Жаңартылған нормалар тақырыптық жоспарды қалыптастыру тәртібін, авторлық ұжым құрамына қойылатын талаптарды, сараптамалық бағалау өлшемшарттарын регламенттейді, сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК сапасын мониторингтеу рәсімдерін нақтылайды.
Тақырыптық жоспар енді автоматты түрде жасалады: баспалар мен әзірлеушілер Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының www.bmso.kz интернет-ресурсы арқылы өтінім береді.
Оқулықтар мен электрондық оқулықтарды дайындауды құрамында тиісті оқыту курстарынан өткен ғалымдар, әдіскерлер және педагогтер бар авторлық ұжымнан тұратын әзірлеушілер немесе баспалар жүзеге асыратыны бекітілген».
Бұған қоса министрлікке мектептердің кітапхана қорларын есепке алу және бақылау процестерін, сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК-ні сараптамаға қабылдауды автоматтандыру тапсырылды.
Негізгі процестерді автоматтандыруды және нормативтік базаны айтарлықтай пысықтауды қамтитын қабылданған шаралар оқулықтар мен ілеспе материалдардың сапасын арттыруға, субъективтілік пен қателікке жол беру тәуекелдерін азайтуға,
сондай-ақ олардың уақытылы жаңартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.