Мәжіліс дәрілік заттарды тіркеу тәртібін оңтайландыруды мақұлдады

Мәжіліс дәрілік заттарды тіркеу тәртібін оңтайландыруды мақұлдады
Фото: primeminister.kz

Елімізде дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу тәртібі жеңілдейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ғылым мәселелері бойынша түзетулер аясында дәрілік заттарды тіркеу және қайта тіркеу тәртібін композиттік мемлекеттік қызмет форматында оңтайландыру нормалары мақұлданды. Бұл дәрілік препараттарды тіркеу мерзімін 210 күннен 100 күнге, яғни екі еседен артық қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтикалық компаниялардың өтінімін күтпей-ақ, Қазақстан үшін қажетті дәрілік заттарды тіркеуге өз бетінше өтінім беру құзыреті беріледі. Бұдан бөлек, дәрілік заттарды өндіруде қолданылатын заттар мен субстанциялардың сапасын бақылау тетігі енгізіледі.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласында референс-орталықтар құру туралы түзетулер мақұлданды. Олар жоғары технологиялық медициналық көмектің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етіп, диагностиканың дәлдігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесіне әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.

Еске салсақ, Шымкентте фармацевтика өндірісін ұлғайту үшін 39,5 млрд теңге жеке инвестиция бағытталады.