Елімізде 2,7 мың заңсыз мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Бүгін, 12:12
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде 2,7 мың заңсыз мигрант әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Фото: freepik.com

Республика аумағында «Мигрант» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көші-қон саласына қатысты 7 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.  

Оның ішінде 4,1 мың шетел азаматы елде болу ережелерін бұзғаны үшін, 2,7 мыңы заңсыз еңбек қызметімен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ,  2,2 мың қазақстандық пен заңды тұлға шетелдіктер туралы уақтылы хабарламағаны үшін жауапқа тартылса, 500-ден астам жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған.

Жалпы салынған айыппұл көлемі 200 млн теңгеден асты.

Көші-қон талаптарын бұзған немесе елде болуға негізі жойылған 1,5 мың шетел азаматының болу мерзімі қысқартылды. Ал 1,2 мың адамды елден шығару туралы сот шешімі қабылданды. Барлығына 5 жыл мерзімге Қазақстанға кіруге тыйым салынды.

Сондай-ақ, 24 қылмыстық іс қозғалды: 9 іс – мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту, 9 іс – заңсыз көші-қонды ұйымдастыру, 6 іс – шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін бұзу бойынша.

«Талдау нәтижесі көрсеткендей, құқық бұзушылықтардың басым бөлігіне Қазақстан азаматтарының өздері себепкер болған. Негізгі фактор – заңсыз әрі жылдам табыс табуға ұмтылу», - делінеді хабарламада.

Бірқатар өңірлерде, соның ішінде Шымкент қаласы, Алматы, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту деректері анықталып, Қылмыстық кодекстің 395-бабы бойынша тергеу басталды.

Құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасының сақталуын бақылау жұмыстарын жалғастыруда.

Бұған дейін шекарада 18 шетелдіктің жасырын өтпек болғанын жазғанбыз.