Командир қызметіне салғырт қараған: Жамбылдағы сарбаз өліміне қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді
Прокуратура 27 қаңтарда Гвардейск гарнизоны әскери бөліміндегі сарбаз өліміне қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Тергеуге сәйкес сарбаз Е.Рустемұлының қаза болуына рота командирінің қызметке салғырт қарауы себепші болған.
«Тергеу барысында лауазымды тұлғаның жеке құрамның қызметін және әскери қызметшілердің қаруды қолдануын бақыламағаны, сонымен қатар қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталды. Қысқа мерзім ішінде қажетті дәлелдер жиналып, қылмыстық іс сотқа қарау үшін жолданды», делінген қадағалау органының хабарламасында.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, сарбаздың өліміне қатысты басқа да мән-жайларды тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр, тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауына алынған.
Еске сала кетсек, Жамбылдағы сарбаздың өлімін тексеруге Астанадан комиссия жіберілді. Қорғаныс министрлігі осы сарбаз өлімінен кейін шұғыл шаралар қабылданғанын жариялады.