Қорғаныс министрлігі сарбаз өлімінен кейін шұғыл шаралар қабылданғанын жариялады

Қорғаныс министрлігі сарбаз өлімінен кейін шұғыл шаралар қабылданғанын жариялады
Фото: ҚР Қорғаныс министрліг

Қорғаныс министрлігі қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданғанын мәлім етті , деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы жыл басынан бері Қарулы күштерде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына шынайы көңіл айтты.
Қарулы күштердің басшылығы болған жағдайдың барынша ауыр екенін және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінетінін жеткізді.

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылданды.

Бірінші. Тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілді. Қару-жарақты пайдалану, сабақ өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылды.

Екінші. Әскери бөлімдерге Қарулы күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндетті орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізіліп жатыр.

Үшінші. Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдысын қалыптастыруға бағытталды.

Төртінші. Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да, күшейтілді.

Бесінші. Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.

Алтыншы. Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста.

«Барлық оқиғалар бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды», делінген хабарламада.

Ведомствоның мәлімдеуінше, қабылданып жатқан барлық шара ең алдымен жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай қайғылы жағдайдың қайталануына жол бермеуге бағытталған.

Еске салсақ, Жамбылдағы сарбаздың өлімін тексеруге Астанадан комиссия жіберілді.