Header Banner

Елімізде көпқабатты үйлер маңында өрт сөндіру техникасына арналған алаңдар пайда болады - ТЖМ

Бүгін, 16:46
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде көпқабатты үйлер маңында өрт сөндіру техникасына арналған алаңдар пайда болады - ТЖМ
Фото: ТЖМ

21 қарашада Астанада Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановтың қатысуымен «Гранд Алатау» тұрғын үй кешенінің аумағында өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаң таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ол көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарынан адамдарды құтқару кезінде автосатылар мен автокөтергіштерді кедергісіз орналастыруға арналған.

Төтенше жағдай кезінде дұрыс қойылмаған автокөліктер ғимаратқа кіретін жолды жауып, құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Арнайы алаңдар өрт сөндіру техникасын ғимараттың қасбетіне жақын орналастырып, жоғарғы қабаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.

«Қазақстанда тұрғын үйлерді салу кезінде өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаңдарды қарастыруды көздейтін жаңа құрылыс талаптары енгізілді. Биіктігі 10-нан 28 метрге дейінгі ғимараттарда өрт сөндіру жолының шетінен қабырғаға дейінгі қашықтық 5-8 метрді, ал биіктігі 28 метрден асатын ғимараттарда 8-10 метрді құрауы тиіс. Алаңның жабыны арнайы техниканың салмағына төтеп беруі керек. Сонымен қатар өрт сөндіру техникасы орналасатын орындар бос болуы қажет», - делінген хабарламада. 






Сонымен қатар, ТЖМ қызметкерлері қолданыстағы тұрғын үй кешендерінің пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ) арасында осындай алаңдарды ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі назар ғимараттарға еркін кіріп-шығуды қамтамасыз етуге, арнайы жол белгілері мен таңбаларын салуға және өрт сөндіру техникасы орналасатын жерлерге көлік қоюға жол бермеуге аударылған.

Көлік құралдарын тоқтату және тұраққа қою қағидаларын бұзғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 597-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушылықтың сипаты мен қайталануына қарай заңнамада белгіленген айыппұлдар салынуы мүмкін.

ТЖМ тұрғындарды, ПИК пен МИБ өкілдерін көпқабатты үйлерге кіреберіс жолдарды бөгемеуге және арнайы алаңдарға еркін қолжетімділікті қамтамасыз етуге шақырады. Ғимарат маңындағы әрбір бос метр адам өмірін құтқаруда шешуші рөл атқаруы мүмкін.