JOLTAP жобасы елордалық көпбалалы анаға кәсібін дамытуға көмектесті
Елордадағы JOLTAP жобасы жаңа кәсіпті игеріп, табысын арттырып, өз ісін бастағысы келетін астаналықтарға қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр. Көпбалалы ана Гүлден Нұрқожаева Elordainfo.kz тілшісіне жобаның тігіншілік шеберлігін шыңдау мен шағын кәсібін дөңгелетуге қалай әсер еткенін айтып берді.
Кеден ісі және экономист мамандығы бойынша екі жоғары білімі бар бес баланың анасы көп жылдар бала тәрбиесімен отырса да, өзі сүйген тігіншілік өнерге ден қойып, шағын кәсіппен айналысқан. Ал JOLTAP жобасы арқылы оның бизнестегі мүмкіндіктері одан әрі кеңейе түскен.
«Көпбалалы аналарға қандай тегін курстар бар екен?» деп іздеп жүрген едім, JOLTAP жобасы туралы хабарламаны тігіншілер чатынан көріп қалдым. Бұл ең алғашқы қатысқан курсым болатын. Бұрын тігіншілікті еш жерден оқымағанмын. Мен үшін өте керемет жоба болды. Курстан халат тігуге машықтандық. Киімдердің сыдырмасын салу, шалбардың балағын қысқарту, жейденің жеңін пішу, әдемі той көйлектерінің жағасын тігу сияқты детальдарды үйрендік. Осы үйренгендерімізді пайдалану арқылы тұтас бір киімді тігіп шығуға болар еді. Фарида ұстазымыздың жұмысын көріп таңғалып, шеберлік сағатын өткізуді сұрадым. Нәтижесінде этно-стильдегі пальто тіктік. Қазір бұл ерекше үлгідегі пальтоға тапсырыс қабылдап жатырмын, сұраныс көп», - деді ол.
Енді JOLTAP қатысушысы курстан алған біліктілігін пайдаланып, кәсібін одан әрі өрлетуге ден қоймақ.
«Жобаға дейін 2019 жылы кәсіпкерлікті қолдау қорынан грант ұтып алып, сол арқылы тігін машиналарын сатып алып, қыз жасауын тіктім. Одан кейін өз қаражатыма жүн, мақта түтетін станок алдым. Мен әзірлеген құрақ көрпе, қыз жасауына бүкіл ел аумағынан тапсырыстар түсіп жатты. Қазір ауламыздағы киіз үйде шағын шеберханамыз бар, сол жерде жүн түтіп, тігін тігеміз. Жолдасым да кәсібіме қолғабыс береді. Енді курстан үйренгенімді жүзеге асырып, қыз ұзату тойларына ұлттық киімдерді тігуді мақсат тұтып отырмын», - деген Гүлден Шапағатқызы тегін курсқа өзі сияқты көпбалалы аналарға да келуге кеңес беріп, жоба ұйымдастырушыларына алғысын айтты.
Айта кетейік, JOLTAP жобасы Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен және «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Оның аясындағы қысқамерзімді оқыту бағдарламасы 18-50 жас аралығындағы Астана тұрғындары үшін тегін ұсынылады. Оқудан кейін қатысушыларға сертификат беріледі. Ал түлектердің кандидатуралары JUMYSTAP.KZ атты жұмыс және қызметкерлерді іздеуге арналған сайтта тегін жарнамаланады.
Еске салайық, бұдан бұрын Астана тұрғынының JOLTAP жобасы туралы пікірін жарияладық.