Ираннан жылжып келе жатқан «қышқыл бұлттар» туралы ақпарат – жалған
Қазгидромет Орталық Азияға қарай жылжып бара жатқан «қышқыл бұлттар» туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ұлттық метеорологиялық қызметке сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Иран аумағының үстінде «қышқыл бұлттар» пайда болып, олар Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген ақпарат таралды. Қазгидромет мамандары жүргізген бақылаулар нәтижесінде ол жоққа шығарылды.
«Иран үстінде пайда болды делінген және Орталық Азия елдеріне жетуі мүмкін деген «қышқыл бұлттар» туралы ақпарат ғылыми деректермен де, жүргізілген бақылаулармен де дәлелденбеген.
Қышқыл жауын-шашындар атмосфераға негізінен өнеркәсіп, энергетика және көлік көздерінен бөлінетін күкірт пен азот оксидтерінің әсерінен түзіледі.
Әдетте мұндай құбылыстар ластаушы көздерге жақын аймақтарда байқалады. Ауа массалары алыс қашықтыққа таралған кезде бұл заттардың концентрациясы атмосферадағы табиғи процестердің әсерінен едәуір төмендейді», делінген хабарламада.
Мониторинг деректеріне сәйкес, мұндай ластаушы заттардың Қазақстан мен Орталық Азия елдері бағытына таралу белгісі тіркелген жоқ. Осыған байланысты мамандар тұрғындарға ұлттық метеорологиялық және экологиялық қызметтердің ресми деректеріне сүйеніп, тексерілмеген ақпаратты таратпауға кеңес береді.