Референдум-2026

ІІМ коммуналдық қызметшілердің атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды

Бүгін, 09:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ІІМ коммуналдық қызметшілердің атын жамылған алаяқтардан сақ болуға шақырды
Фото: Magnific.соm

Соңғы уақытта алаяқтардың өздерін жылу қызметінің мамандары ретінде таныстырып, тұрғындарға қоңырау шалуы жиілеп кетті. Олардың мақсаты – жеке мәліметтеріңізге немесе банк шотыңызға қол жеткізу, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Алаяқтар әдетте жылу есептегішін тіркеу керектігін, құжаттарыңызды жаңарту қажеттігін айтады. Сондай-ақ мекемеге өтініш бергеніңізді еске салып, берешегіңіздің бар екенін немесе жеңілдік рәсімдеу туралы түрлі сылтауларын алға тартады. 

Кейін олар телефонға келген SMS-кодты сұрайды. Бұл кодты ешкімге айтуға болмайды.

SMS-код арқылы алаяқтар банк қосымшасына кіруге; мемлекеттік сервистердегі аккаунттарға қол жеткізуге; сіздің атыңыздан заңсыз әрекеттер жасауға әрекет етуі мүмкін.

Өзіңізді қорғау үшін мынаны қаперге ала жүріңіз:

-телефон соққан адамның кім екенін тексеріңіз;

-SMS-кодты, банк картасының деректерін, CVV-кодты және жеке мәліметтерді ешкімге бермеңіз;

-күмәнді жағдайда әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз хабарласыңыз;

-бейтаныс адамдардың нұсқауымен ешқандай қосымшаны жүктемеңіз және сілтемелерге өтпеңіз.

Ал коммуналдық қызмет өкілдері тұрғындардан телефон арқылы SMS-кодты сұрамайды.

Егер осындай қоңырау түссе, бірден мына әрекеттерге көшіңіз:

-әңгімені бірден тоқтатыңыз;

-кодты айтпаңыз;

-жақындарыңызға ескертіңіз;

-алаяқтық әрекет болған жағдайда полицияға хабарласыңыз.

Полиция бір ғана SMS-кодты айтып, барлық қаражатыңыздан айырылып қалмау үшін қырағы болуды еске салады. 

Еске салайық, бұған дейін елордада жалған чекпен базардан тауар алып жүрген күдікті қолға түскені туралы жаздық.