Гүлнұр Айтимова: Жасанды интеллект – білім сапасын арттырудың стратегиялық құралы

Гүлнұр Айтимова: Жасанды интеллект – білім сапасын арттырудың стратегиялық құралы
Фото Гүлнұр Айтимованың жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы – еліміздің білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам. Бұл туралы Астана қаласындағы №8 мектеп директоры Гүлнұр Айтимова пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Мектеп директорының айтуынша, жасанды интеллект – білім беру жүйесін дамытуда мұғалімді алмастыратын құрал емес, керісінше, білімдегі теңсіздікті азайтуға мүмкіндік беретін стратегиялық ресурс. 

«Ли Кай-Фу айтқандай, ЖИ мұғалімді алмастырмайды, бірақ ол білімдегі теңсіздікті жоятын басты құрал. Осы бағытта біз мектеп тәжірибесінде бірқатар нақты қадамдарды жүзеге асырамыз», – деді Гүлнұр Айтимова. 

Оның сөзінше, оқушылардың білім деңгейін теңестіру үшін Khan Academy (Khanmigo), Duolingo, DreamBox Learning, ALEKS және Socrative сияқты бейімделгіш платформаларды кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұл жүйелер әр оқушының деңгейін анықтап, жеке тапсырмалар беру арқылы білімдегі олқылықтарды толықтыруға мүмкіндік береді. 

Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби жүктемесін азайту мақсатында ChatGPT, Gemini, Gamma және Canva Magic сияқты жасанды интеллект құралдарын қолдану көзделген. 

«ЖИ сабақ жоспарлау, тест дайындау және тексеру сияқты рутиндік жұмыстарды жеңілдетеді. Бұл мұғалімдерге оқушылардың 4К дағдыларын – сыни ойлау, креативтілік, коммуникация және топтық жұмыс қабілеттерін дамытуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді», – деді мектеп директоры. 

Оның айтуынша, жасанды интеллект тек техникалық құрал емес, оқу процесінің барлық бағытына енгізілуі тиіс. Осы ретте мектепте ЖИ этикасы мен қолдану мәдениетіне арналған арнайы апталықтар өткізілмек. 

Сондай-ақ тарих пен әдебиет сабақтарында жасанды интеллект зерттеу құралы ретінде қолданылып, оқушылар тарихи деректерді талдау, салыстыру және сыни тұрғыда бағалау дағдыларын дамытатын болады. 

Мектепте білім сапасын талдау үшін Microsoft Power BI жүйесі де қолданылмақ. Бұл арқылы оқушылар үлгеріміндегі өзгерістерді алдын ала болжап, қажетті шешімдерді дер кезінде қабылдау жоспарланған. 

Сонымен қатар STEM бағытындағы зертханалар мен инновациялық орталықтарда оқушылар GitHub Copilot және Replit AI сияқты құралдарды пайдаланып, робототехника мен бағдарламалау саласында тәжірибе жинақтайды. 

«Біз бұл технологияларды тек заман талабына сай емес, Президент Жарлығында көрсетілгендей, еліміздің стратегиялық дамуы мен әрбір баланың тең мүмкіндігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіп отырмыз. Бұл – білім берудегі сапалық секіріс», – деді Гүлнұр Айтимова. 

Бұған дейін Президент Жарлығы туралы Астана қаласындағы Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының директоры Лаура Сәрсембекова пікір білдірген болатын.