«Есірткісіз елорда – дені сау ұрпақ»: Астанада 300-ге жуық жас каратэші марафонға қатысты
Астанадағы Ататүрік саябағында «Есірткісіз елорда – дені сау ұрпақ» атты кең ауқымды спорттық-профилактикалық іс-шара өтті. Акция аясында 300-ге жуық жас спортшы бұқаралық жүгіруге қатысып, каратэ шеберлері арнайы көрсетілімдер ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы әкімдігі мен қалалық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, елорда бойынша Киокушинкай-кан каратэ федерациясы, сондай-ақ «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау және нашақорлықтың алдын алу.

2026-2028 жылдарға арналған «Астана – есірткісіз қала» іс-шаралар жоспары аясында өткен іс-шара 300-ге жуық жас спортшы қатысып, бірнеше шақырымдық жүгіру қашықтығын еңсерді.
Сонымен қатар жас каратэшілер көпшілікке арналған көрсетілімін ұсынып, өз шеберліктерін паш етті. Оның ішінде тақтай сындыру, арнайы жаттығулар мен жекпе-жек элементтері бар.

Акцияға 40-қа жуық ерікті жұмылдырылды.
Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызының айтуынша, жазғы демалыс кезінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру ерекше маңызды.
«Біздің басты мақсатымыз – балалар мен жастарды салауатты өмір салтына баулу. Қазір оқушылардың жазғы демалысы басталды. Сондықтан олардың бос уақытын пайдалы өткізуіне жағдай жасауымыз керек. Біз мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың күшін біріктіріп, осындай іс-шаралар арқылы жастарды спортқа тартуды көздейміз.
Нашақорлық пен заңсыз есірткі айналымы бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі болып отыр. Мемлекет басшысы да әртүрлі жиында осы мәселеге ерекше назар аударады. Әрине, полиция қылмыскерлерді анықтап, жауапкершілікке тартады. Бірақ профилактика – бұл күрестегі ең маңызды бағыттың бірі», – деді ол.
Оның айтуынша, 26 мамыр мен 26 маусым аралығында Астана қаласында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай арнайы айлық өткізіліп жатыр.
«Бұған дейін кикбоксшылармен, дзюдошылармен іс-шаралар өткіздік. Бүгін каратэшілермен ұйымдастырып отырмыз. Жалпы профилактикалық жұмысты бір ғана бағытпен шектемеуіміз керек. Өйткені әр жастың қызығушылығы әртүрлі. Біреуі спортты ұнатады, енді бірі кітап оқуға әуес. Сондықтан кітапханаларда да кездесулер өткіземіз. Блогерлерді, өнер адамдарын, спортшыларды тартып, бірлескен жұмыстар жүргізіп келеміз», – деді полиция өкілі.

Іс-шара барысында нашақорлықтың алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері де жастарға үндеу жасады. Кеңес мүшесі, спорт шебері Ербол Талғатұлы спорттың жастар өміріндегі маңызына тоқталды.
«Мен спорттық гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Спорт – жастардың жарқын болашағына бастайтын жол. Спортпен айналысқан адам тәртіпке үйренеді, мақсат қоя біледі, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан жастардың спортпен көбірек айналысқаны өте маңызды», – деді ол.

Ал Астана қаласы бойынша Киокушинкай-кан каратэ федерациясының төрағасы Айрат Жеңіс мұндай бастамалардың жастар тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
«Бүгінгі іс-шараға федерациямыздың 300-ге жуық спортшысы қатысты. Олардың ең кішісі сегіз жаста. Біздің спорт түрінің негізінде тәртіп жатыр. Сондықтан біз «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанамыз. Залға келген әр баланы алдымен тәртіпке үйретеміз. Себебі тәртіпсіз спортшы ертең қоғам үшін қауіп тудыруы мүмкін. Сондықтан жаттығудың алғашқы күнінен бастап балаларға жауапкершілік пен өзін-өзі бақылауды үйретеміз», – деді федерация төрағасы.
Оның айтуынша, каратэде үйренген әдіс-тәсілдерді тек өзін қорғау мақсатында болмаса, көшеде қолдануға болмайды және бұл мәселе қатаң бақылауда ұсталады.
«Біз жастармен де, ата-аналармен де тұрақты жұмыс жүргіземіз. Полиция департаментімен, прокуратурамен бірлесіп түрлі кездесу мен дәрістер ұйымдастырамыз. Қазіргі таңда есірткі мәселесі қоғам үшін үлкен қауіпке айналып отыр. Сондықтан біз балаларды осындай акцияларға көбірек қатыстыруға тырысамыз», – деді Айрат Жеңіс.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Астана – есірткісіз қала» акциясы аясындағы іс-шаралар маусым айының соңына дейін жалғасады. Оған спортшылар ғана емес, еріктілер, қоғам белсенділері және жастар ұйымдарының өкілдері де қатысады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін осындай іс-шара Астана саябағында да өткен болатын.