Референдум-2026

Ерлан Қарин: Жаңа Конституцияны іске асыруға байланысты ауқымды жұмыстар күтіп тұр

Бүгін, 09:12
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ерлан Қарин: Жаңа Конституцияны іске асыруға байланысты ауқымды жұмыстар күтіп тұр
Фото: Конституциялық сот

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты мәлімдеме жасап, елде мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа кезеңі басталатынын айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуіне сәйкес, Парламенттің екі палатасы – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы өз жұмысын тоқтатады. Сонымен қатар, Конституциялық өзгерістерге сәйкес Мемлекеттік кеңесші лауазымының өкілеттігі де аяқталады. Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне сенім артып, жауапты қызметтерді атқаруға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

«Әр азаматқа елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ал қиын да күрделі шақта мемлекет мүддесіне еңбек ету – екі есе бақыт әрі абырой. Міне, бізге де Президенттің сенімі мен қолдауының арқасында тарихи маңызы зор елдік істердің ортасында жүру бақыты бұйырды.

Мемлекеттік кеңесші лауазымына дейін болған Мемлекеттік хатшы қызметіне Қаңтар оқиғасы кезінде – Маңғыстауда жүргенде тағайындалған едім. Сындарлы сәтте Президенттің облыстағы жағдайды тұрақтандыруға қатысты нақты тапсырмаларын орындау, жедел шешімдер қабылдау жауапкершілігі жүктелді. Бұл қызмет сол күндері өңірдегі орталық мемлекеттік органдардың іс-қимылдарын үйлестіріп, ұйымдастыруға ықпал етті.

2022 жылғы маусымда Президент шешімімен Мемлекеттік хатшы қызметінің орнына Мемлекеттік кеңесші лауазымы енгізіліп, оған қосымша өкілеттіктер мен міндеттер бекітілді. Бұл Президенттің сол уақыттағы реформаларға екпін беріп, жоспарлауды жүйелеу мақсатында жасаған маңызды қадамдарының бірі болды. Дербес құрылым ретінде Мемлекеттік кеңесші мен оның хатшылығына Президент реформалары мен арнайы тапсырмаларын орындау жүктелді.

Мәселен, Мемлекет басшысының бастамасымен жаңадан құрылған консультативтік-кеңесші орган – Ұлттық құрылтайдың жұмысын үйлестіріп, ұйымдастыру. Құрылтайдың әр отырысы Президенттің бағдарламалық бастамалары айтылып, қоғам асыға күтетін үлкен жиынға айналды. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай қызметіне ерекше маңыз беріп, көп идеяларын осы мінберден жариялады. Президент бастамаларын жүзеге асыру мақсатында Ұлттық құрылтай аясында 26 заң, 4 кешенді жоспар, 3 тұжырымдама мен басқа да маңызды нормативтік құқықтық құжаттар қабылданды.

Бұған қоса, Президент реформаларының нәтижесінде еліміздің ішкі саясатында түбегейлі өзгерістер жүзеге асты. Салада ортақ тәртіп орныға бастады. Тұңғыш рет Мемлекет басшысының Жарлығымен Ішкі саясат тұжырымдамасы бекітілді. Ономастикада, ескерткіштер орнатуда, ведомстволық наградаларды тағайындауда нақты жаңа регламенттер енгізілді. Осылайша, Президент қолдауымен ішкі саясат жүйеленіп, ретке келтірілді.

Ал ең бастысы, Мемлекет басшысы Конституциялық реформаны жүзеге асыруға, басқа да іргелі істер мен түбегейлі өзгерістерге атсалысуға мүмкіндік берді.

Төрт жарым жылда атқарылған жұмыстарды осылай тізбектей беруге болады. Ең бастысы, мұндай жемісті жұмыстардың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тұрғанын айрықша атап өтуге тиіспіз. Абайдың «ақырын жүріп, анық бас» деген ұлағатын ұстанатын Президент әрбір реформаны сенімді, табанды, тиянақты жүргізіп келеді. Алдағы өзгерістердің өзегінде де осындай қисын жатыр.

Осы уақыт аралығында бірлесе жұмыс істеген Парламенттегі, Үкіметтегі, Президент Әкімшілігіндегі барша әріптестеріме, қоғам белсенділеріне ризашылығымды білдіріп, рақметімді айтамын! Бәріңіздің алдағы істеріңізге толайым табыс тілеймін! Алда Жаңа Конституцияның күшіне енуінен туындайтын көп жұмыс күтіп тұр.

Барлығымыз Президент айналасына топтасып, жұдырықтай жұмыла атсалысуымыз қажет.

Жаңа дәуір елімізге, баршаңызға берекелі болсын», деп жазды Ерлан Қарин Facebook парақшасында.

Еске салсақ, Ерлан Қарин ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.