Ербол Хамитов: Келесі жоспарым - жазғы Паралимпиада ойындарына лицензия алу
Милан-2026 қысқы Паралимпиадасының чемпионы Ербол Хамитов өз жарысын қорытындылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
- Сіз қыстық спорт түрінде әлем чемпионы атанып, әлем Кубогының ең үздік спортшысы болдыңыз. Енді пара биатлоннан Паралимпиаданың алтын медалін тақтыңыз. Сізді спортта не жігерлендіреді, соны айтып берсеңіз?
- Менің жасым небәрі 28-де. Әлі жаспын. Келесі жоспарым - жазғы Паралимпиада ойындарына лицензия алу. Алдағы жазда пара каноэ мен байдаркада дайындалатын боламын. Көп сөз айтпаймын. Барлығын іспен дәлелдеуге тырысамын.
- Сіз Миланда 1 алтын және 1 қола медаль жеңіп алдыңыз. Қай медальдің орны ерекше болды?
- 2023 жылы пара шаңғыда 12.5 шақырымда алғаш рет әлем чемпионы атанған едім. Енді араға 3 жыл салып, қола жүлдені еншіледім. Сондықтан қола медальдің орны бөлек. Мен чемпионнан небәрі 1 секундқа ғана жеңілдім. Тактикалық жағынан дұрыс жұмыс істемедім. Ал алтынға келетін болсақ, бірінші кезекте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген уәдемде тұрдым. Мені қолдаған министрлік, командама, бапкерлеріме алғысым шексіз.
- Сіздің жеңісіңіз мүгедек жандарға үміт сыйлайтыны анық. Оларға қандай кеңес айта аласыз?
- 2017 жылы менің өмірімдегі ең маңызды сәт болды. Алғашқы бір жылда өзімді мүгедек ретінде еш мойындағым келмеді. Спортқа да ықыласым аумады. Сол кезеңде маған жол көрсеткен бапкерлерімнің арқасында Қазақстан тарихына ендім. Енді отбасымды, жақындарымды материалдық жағынан қамтамасыз ете аламын. Өзім де бай отбасыдан шықтым деп айта алмаймын. Өмірде көптеген қиыншылықтармен бетпе-бет келдім. Пара шаңғыны бірінші рет тепкен кезде өзімнің бала кездегі шанамен сырғанаған кезім есіме түсті. Бала кездегі адреналинді өткергім келді. Сондықтан мүгедек жандарға кез келген спортпен айналысуын сұраймын. Оның үстіне елімізде жыл сайын пара спорттардың саны да артып жатыр. Барлық елде осылай пара спортшыларды салтанатты түрде қарсы ала бермейді. Осы орайда айтқым келетіні, БАҚ беттерінде менің қанша сыйақы алатынымды да жазды. Ол менің артымдағы жастарға мотивация болсын. Бірақ мен бірінші орынға ешқашан ақшаны қойған емеспін. Ең бастысы, қандай жағдай болса да, адамгершілігімді сақтап қалуға тырысамын.
- Сұхбатыңызға рахмет!