Елордамыз әлем мойындайтын, туристер ағылатын мегаполиске айналсын – Әділ Ахметов

Елордамыз әлем мойындайтын, туристер ағылатын мегаполиске айналсын – Әділ Ахметов
Фото: Instagram/adil084

Астанадағы «Жастар» театрының әртісі, белгілі кино актері Әділ Ахметов Жаңа 2026 жыл – жылқы жылы қарсаңында қазақстандықтарды құттықтап, ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Құрметті қазақ елі, қадірменді халайық! Баршаңызды келе жатқан Жаңа 2026 яғни жылқы жылымен шын жүректен құттықтаймын! Бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жүректеріңізге тыныштық, көңілдеріңізге шаттық тілеймін. Жақын жандарыңыз аман болсын. Әр істеріңіз берекелі болып, ойлаған мақсаттарыңызға, армандарыңызға жете беріңіздер», - деді өнер иесі.

Ол 2025 жылдың шығармашылық тұрғыда нәтижелі болғанын атап өтті. Актердің айтуынша, бұл жылы бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан.

«2025 жылға ешқандай өкпеміз жоқ. Біраз дүниеге қол жеткіздік. Оның ішінде біз өзіміз фильм түсірдік. «Алдар. Махаббат туралы аңыз» атты фильм түсірдік. Бұйырса, туынды 2026 жылдың 19 наурызында көрерменге жол тартады. Сонымен қатар, театрымызда да сәтті премьералар өтті», - деді спикер.

Әділ Ахметов алдағы уақытта да шығармашылық жолдағы жұмыстарын жалғастыратынын айтып, жаңа жоспар-мақсаттардың бар екенін жеткізді.

Сондай-ақ, ол елорданың даму қарқынына тоқталды. Актер Астананың жылдан-жылға көркейіп келе жатқанын атап өтті.

«Елорда күн сайын жаңарып, өсіп келеді. Әрбір ғимараттың, жол мен көпірдің салынуы – соның айғағы. Алдағы уақытта да елордамыз әлем мойындайтын, туристер ағылатын көрікті мегаполиске айналсын», - деді спикер.