Елордалық спортшы Ақмарал Ерекешева: Еліміздің тарихын жаңартқаныма қуаныштымын

Елордалық спортшы Ақмарал Ерекешева: Еліміздің тарихын жаңартқаныма қуаныштымын
Фото: Қанат Байұзақов

Көркем гимнастикада 2025 жылы әлемдік деңгейде тарихи жеңіске қол жеткізген елордалық спортшы Ақмарал Ерекешева жүзеге асқан жоспарларын саралап, астаналықтарды Жаңа жылмен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«2025 жыл мен үшін өте табысты болды деп айта аламын. Себебі 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи 2 алтын мен 1 күміс медаль жеңіп алдым. Бұл жетістігімды отандық жанкүйерлер де жылы қабылдап, әуежайда құшақ жая қарсы алды. Осындай қолдаудың арқасында өзіме деген талабым күшейіп, елімді қуанта берсем деймін», - деді жас спортшы.

Ол Астанада көркем гимнастика саласының қарқынды дамып жатқанын атап өтті.

«Республика бойынша ең көп көркем гимнастика мектебі елордамызда орналасқан. Ұлттық құраманың басым бөлігі де астаналық спортшылардан құралған. Осының арқасында Астана қаласы да көркем гимнастикадан халықаралық жарыстарды қабылдай бастады», - деді Ақмарал Ерекешева.

Сондай-ақ ол келер жылға қойған мақсаттары жайлы айтты.

«2026 жылы ересектер сапына ауысамын. Жаңа мақсаттар күтіп тұр. Аздап қобалжу бар. Бірақ мен үнемі жаттығатындықтан, оны жеңіп шығатыныма сенімдімін. Бұйырса, 2026 жылы әлем кубоктары мен халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетуге тырысамын», - деді елордалық спортшы.

Сөз соңында гимнасшы Астана тұрғындарына Жаңа жылдық тілегін білдірді:

«Баршаңызды Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Қуанышты күндеріңіз көп болсын!», - деп сөзін түйіндеді ол.