Елордалық ата-әжелер «Достық үйінде» ән шырқады
Астанада референдум қарсаңында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Елордадағы «Достық үйінде» өткен іс-шара Наурызнама онкүндігімен ұштасып, дауыс беруге келген тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кеше қазақстандықтар Көрісу күні – Амал мерекесін атап өтсе, Наурызнаманың екінші күні референдуммен тұспа-тұс келіп отыр. Сахнаға жасы жетпіс пен сексеннің аралығындағы ата-әжелер шығып, көрермендерге ән мен күйден шашу шашты. Ұлттық әндерді орындап, көпшіліктің ықыласына бөленген өнерпаздар – жиырма жылдан бері бірге өнер көрсетіп келе жатқан шығармашылық ұжым мүшелері.
Достық үйіндегі №60 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген тұрғындар концертті тамашалап, мерекелік көңіл күй сезінді. Дауыс берушілер мәдени іс-шараның ұйымдастырылуы бүгінгі маңызды күннің мазмұнын тереңдете түскенін айтып, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

«Наурызнама онкүндігі басталды. Кеше бүкіл қазақстандықтар Көрісу күні – Амал мерекесін қарсы алды. Бүгін Наурызнаманың екінші күні референдуммен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай Алматы ауданындағы Елорда қорының «Достық үйінде» жасы 70–80-ге келген ата-әжелер халық алдында концерттік бағдарлама ұсынып жатыр. Бұл кісілер - 20 жылдан бері бірге өнер көрсетіп келе жатқан әріптестер. Бүгін №60 учаскеге дауыс беруге келген азаматтар концертті тамашалап, ерекше көңіл күймен саяси науқанға қатысуда. Тұрғындар осындай маңызды күні мәдени шара ұйымдастырылғанына алғыстарын білдіріп жатыр», – деді қоғам қайраткері, Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Кәрімұлы Мұстафин.
Осылайша, референдум қарсаңында ұйымдастырылған концерт дауыс беруге келген тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, Наурыз мерекесін айшықтай түсті.