Елордадағы екінші жылу электр орталығының градирнясынан қанша түтін шығады
Бұл туралы 2-ЖЭО бас инженері Нұртілек Тасатхан Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Жылу электр орталығындағы цехтар механизмнің бәрі үздіксіз жұмыс істейтіндіктен, қызады. Ал градирня соларды салқындатып отырады. Қарапайым тілде айтқанда, алыстан мұржа сияқты болып көрінетін мұнара «градирня» деп аталады.
Градирня бір сәтте 12 мың тоннаға дейінгі суды айналдырады. Сол жердегі механизм салқындатылған соң су цехқа жіберіледі.
Градирня мен үлкен құбырдан шығып жатқан бу алыстан көпшілікке түтін сияқты көрінетіні рас. Дегенмен ол түтін емес, бу екенін айтады бас инженер.
«Оның 0,2 пайызы ғана түтін болуы мүмкін, 99,8 пайызы – бу. Жанған көмір қазандық астына түседі де, каналдармен насосқа барады. Сумен араластырылып, күлі арнайы бассейнге (золоотвал) жіберіледі. Градирнядан 0,2 пайызы ғана түтін болып шығады. Үлкен бассейнде жиналған қалдық көл сияқты. Күлі астына тұнған соң, бетіне шыққан суы қайтадан кері қайтып келіп, қазандықтарда қайта тазартылып қолданылады», - деді 2-ЖЭО бас инженері Нұртілек Тасатхан.

Екінші жылу электр орталығы жартылай газбен, жартылай көмірмен жұмыс істейді. Газ да сумен тазартылады. Бас инженердің сөзінше, газдың да артық күл-қоқысы бассейнге жіберіледі.

2-ЖЭО алғаш пайдалануға берілген 1979 жылдан бергі күлге арналған бассейн кейінгі жылдары толтырылған соң, беті топырақпен жабылып, үстіне тал отырғызылыпты. Екіншісі Қояндыға бара жатқандағы тас жолдың оң жағында орналасқан. Ол екі секциядан тұрады. Оның бірінші секциясы 7-8 жыл ішінде толса, қазір күл екінші секциясына жеткізіліп жатыр.
«Күлге арналған алғашқы бассейн 35-40 жылға жетті. Сол сияқты осы қолданыстағылар да біраз жыл қызмет етуі үшін кеңейту жұмысы жүргізіледі. Мүмкін алда жаңасы салынуы да мүмкін. Дегенмен қазіргі таңда шетелдік компаниялар тарапынан осы жерден шыққан күлді 100 пайыз кәдеге жарататын зауыт салу бойынша ұсыныстар айтылып жатқан көрінеді. Олар осы жерден шыққан күлдің құрамындағы құмнан газоблок, бетон сияқты құрылыс материалдарын жасамақ, жол астына төсеуге де қолданбақ. Егер сол жоба жүзеге асырылса, қазіргі бассейн үздіксіз жұмыс істеп тұра берер еді», - деді Н.Тасатхан.
2-ЖЭО-ның ең бірінші блогындағы қондырғы 1979 жылы, соңғысы 2021 жылы іске қосылған.

Айта кетейік, бүгінде екінші жылу электр орталығында 1 100-ге жуық адам, ал жалпы «Астана-Энергия» АҚ-да 1 800-ге жуық адам жұмыс істейді.

Бұдан бұрын Астанадағы 2-ЖЭО тәулігіне қанша МВт және Гкал беретінін, сонымен қатар орталық қазандықтары сағатына қанша көмір жағатынын жазған едік.