Елордада прокуратура мен полиция бірлесіп тұрғындардың өтініштерін қарады
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласының Есіл ауданы прокуратурасы аудандық Полиция басқармасымен бірлесіп азаматтарды қабылдау өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Қабылдау барысында тұрғындардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру, процестік шешімдерді қабылдау, қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы мәселелері бойынша өтініштері қаралды.
«Әрбір өтініш бойынша қажетті түсіндірмелер беріліп, жекелеген мәселелер олардың жан-жақты және объективті қаралуын қамтамасыз ету мақсатында бақылауға алынды», делінген хабарламада.
Прокуратура өкілдері мұндай іс-шаралар құқық қорғау органдары қызметінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға, азаматтардың сенімін нығайтуға және халықтың өзекті мәселелерін жедел шешуге ықпал ететінін атап өтті.