Референдум-2026

Елордада отшашу атып, тыныштықты бұзғандар бес тәулікке қамалды

Бүгін, 15:57
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада отшашу атып, тыныштықты бұзғандар бес тәулікке қамалды
Фото: Polisia.kz

Астанада түнгі уақытта пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдалануға байланысты қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу фактілерінің алдын алу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Елордада құқық қорғау қызметкерлері қаладағы білім беру ұйымдарының бірінің маңында пиротехникалық бұйымдарды іске қосу фактісін анықтады. Белгілі болғандай, 23 жастағы ер адам сүйіктісінің туған күнін отшашумен атап өтпек болған. Алайда оның әрекеті жақын маңдағы тұрғын үй кешендерінде тұратын азаматтардың тыныштығын бұзған.

«Құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық жасау, тыныштықты бұзу, сондай-ақ елді мекендерде және бұл үшін арнайы белгіленбеген орындарда пиротехникалық бұйымдарды пайдалану фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен ер адам бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды», - делінген хабарламада.

Одан бөлек пиротехникалық бұйымдарды заңсыз пайдалану бойынша тағы бір дерек тіркелді. 22 жастағы ер адам досын туған күнімен құттықтау мақсатында отшашу атып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Сот шешімімен оған да бес тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға мерекелік іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен тыныштық талаптарын сақтауды ескертті. Полиция тұрғындарды айналасындағылардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне құрметпен қарауға, ал пиротехникалық бұйымдарды тек рұқсат етілген орындарда және белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып пайдалануға шақырады.

Еске салсақ, Астанада дабыл тапаншасынан оқ атқан ер адам жауапқа тартылды.