Астанада алғаш рет өтіп жатқан «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын бір алаңға жинады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов және Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысты.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтау сөзінде фестивальдің рухани және мәдени маңызын атап өтті.
«Бұл фестиваль – түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын қайта жаңғыртып, оны кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды алаң. Бүгінгі шара – бауырлас елдердің өнерпаздарын біріктіріп, мәдени байланыстарды тереңдететін жарқын қадам. Осы фестиваль арқылы түркі өркениетінің ежелгі дәстүрлері мен заманауи бағыттары тоғысып, біздің рухани сабақтастығымызды одан әрі нығайтады», - дедi Есет Байкен.

Фестиваль барысында «Тамыр мен үн: Түркі аспап жасау дәстүрі және заманауи шешімдер» атты халықаралық симпозиумның пленарлық отырысы өтті.
Онда ұлттық музыкалық аспаптардың тарихи қалыптасуы, өңірлік ерекшеліктері және дәстүрлі технологиялардың қазіргі кезеңдегі қолданылуы талқыланды.

Фестивальге Түркі мемлекеттерінен 60-тан астам өнерпаз, зерттеуші, музыкатанушы және дәстүрлі аспап жасаушы шеберлер қатысуда. Бағдарлама түркі халықтарының бай музыкалық мұрасын сақтау және заманауи форматта танытуға бағытталған.
25 қарашада Өнер музейінде музыкалық аспап жасауға арналған тәжірибелік сабақтар өтеді. Сонымен қатар «Жастар» сарайында өтетін гала-концертпен қорытындыланады.
Концертте дәстүрлі ән-күй мен этно-бағыттағы заманауи шығармалар ұсынылады.