Елімізде зейнетақы жинағымен ипотеканы өтеу шарттары өзгереді
«Отбасы банк» АҚ 31 қаңтардан бастап зейнетақы артық қаражатын (БЗТ) тұрғын үй заемын мерзімінен бұрын ішінара немесе толық өтеу кезінде пайдалану ережелері жаңартылатынын мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Енді зейнетақы қаражатын тек қана негізгі қарызды өтеуге бағыттауға болады. Ал пайыздар мен басқа да міндетті төлемдер жеке қаражат есебінен төленеді», - деп жазылған ақпаратта.
Бұрын БЗТ арқылы ай сайынғы төлемді толық жабуға болатын болса, енді:
✔️ алдымен пайыздар мен міндетті төлемдер төленеді;
✔️ содан кейін зейнетақы қаражаты негізгі қарызды азайтуға бағытталады.
Бұл несие сомасын тезірек азайтып, артық төлемді қысқартуға мүмкіндік береді.
«Отбасы банк» АҚ өтінім қабылдау уақытша тоқтатылатынын хабарлады.
«Онлайн сервистерді жаңарту жұмыстарына байланысты БЗТ есебінен өтеуге өтінім қабылдау: 2026 жылғы 31 қаңтардан 2 наурызға дейін уақытша тоқтатылады. 30 қаңтарға дейін (қоса алғанда) берілген өтінімдер бұрынғы ереже бойынша өңделеді. БЗТ-ны пайдаланудың басқа барлық бағыттары өзгеріссіз қалады», - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін 42 тіс емханасы арқылы 200 млрд теңге зейнетақы жинақтары заңсыз шығарылғанын жаздық.