Елімізде су саласына маман даярлайтын колледждер саны артады

22 маусым, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елімізде су саласына маман даярлайтын колледждер саны артады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

2026-2027 оқу жылынан бастап су шаруашылығы саласы үшін мамандар даярлайтын колледждердің тізімі екі оқу орнымен толығады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриялық-техникалық колледжі «Техник-гидролог» және «Гидрогеология және инженерлік геология» мамандықтары бойынша кадр даярлауды бастайды. Сондай-ақ Қарағанды облысындағы Теміртау жоғары политехникалық колледжінде «Гидротехникалық құрылыс» мамандығы бойынша мамандар даярланады.

Қазіргі уақытта су шаруашылығы саласы үшін кадрлар даярлайтын 8 арнаулы орта оқу орны бар. Онда 757 студент оқиды. 2025-2026 оқу жылы аталған колледждерді 208 түлек тәмамдаған.

«Осы колледждерде білім алып жатқан болашақ су мамандары өндірістік тәжірибеден «Қазсушар» РМК филиалдарында өтеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы саласына мамандар даярлайтын барлық оқу орнымен тиісті меморандумдарға қол қойған. Биыл су саласында өндірістік тәжірибеден өтетін студенттер саны былтырмен салыстырғанда екі есеге жуық артты. Колледждерде студенттер «Гидротехникалық құрылыс», «Гидротехникалық мелиорация», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің тазарту құрылыстарын пайдалану» және «Гидрогеология» мамандықтары бойынша білім алып жатыр», - деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Марат Иманалиев.

Еске салсақ, елімізде 4,6 мың шақырым суару каналы жаңғыртылып жатыр.