Референдум-2026

Елімізде көлік ең көп жүретін ақылы жолдар рейтингі жасалды

Бүгін, 13:01
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елімізде көлік ең көп жүретін ақылы жолдар рейтингі жасалды
Фото: «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы

Биылғы алғашқы жеті айда елдегі республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарынан 45 млн-ға жуық көлік жүріп өткен. Ең жоғары қозғалыс қарқыны Алматы – Қонаев, Шымкент – Өзбекстан шекарасы және Шымкент – Тараз бағыттарында байқалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол»-ға сілтеме жасап. 

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы 2026 жылғы 1 қаңтар мен 31 шілде аралығындағы ақылы жолдардағы көлік қозғалысының қарқындылығына талдау жүргізді. Жеті айдың қорытындысы бойынша аталған бағыттарда барлығы 44 954 050 көлік жүріп өткен.

Көлік ағыны бойынша Алматы – Қонаев учаскесі көш бастап тұр. Жеті ай ішінде бұл бағытта 7 149 537 көлік жүріп өткен. Бұл жалпы көрсеткіштің шамамен 16 пайызын құрайды. Тәулігіне орта есеппен 33,7 мыңға жуық көлік қатынаған.

Екінші орында Шымкент – Өзбекстан шекарасы бағыты – 5 463 475, үшінші орында Шымкент – Тараз учаскесі – 3 784 782 көлік.

Алғашқы бестікке сондай-ақ Тараз – Қайнар – 3 289 935 және Шымкент – Қызылорда – 2 736 666 көрсеткішімен енді.

Жалпы статистика көлік қозғалысының ең жоғары қарқыны Алматы агломерациясы мен елдің оңтүстік өңірлерінде қалыптасқанын көрсетеді. Тек төрт оңтүстік бағытта – Шымкент – Өзбекстан шекарасы, Шымкент – Тараз, Тараз – Қайнар және Шымкент – Қызылорда жолдарында жиынтық есеппен 15,2 млн-нан астам көлік жүріп өткен.

Елорда мен өңірлерді байланыстыратын бағыттарда да қозғалыс қарқыны жоғары. Астана – Теміртау учаскесінде 2 293 893, Астана – Щучинск бағытында 2 219 653, ал Астана – Павлодар жолында 1 401 004 көлік тіркелді.

Бұл ретте «ҚазАвтоЖол» үш жаңа ақылы жолдың көрсеткіштерін бөлек қарастырғанды жөн көреді.

Себебі Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал және Бурылбайтал – Күрті учаскелерінде ақылы режим 2026 жылғы 10 шілдеден, ал Талдықорған – Өскемен бағытында 11 шілдеден бастап енгізілді. Сондықтан аталған учаскелер бойынша көрсеткіштер шілденің бір бөлігін ғана қамтиды және жеті ай бойы ақылы режимде жұмыс істеген жолдармен тікелей салыстыруға келмейді.