Экобастама аясында әкелер аула тазалығына атсалысты
Астана қаласындағы №70 «Құлыншақ» балабақшасында “Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы” мен “Әкелер одағының” бастамасымен «200 мектеп & балабақша – 4000 әке» атты жалпы қалалық экочеллендж өтті. Игі бастама «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы мен республикалық «Таза Қазақстан» жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Балабақшада экочеллендж екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде жоба балабақша мен отбасы арасындағы серіктестіктің тиімді алаңына айналды.

«Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, азаматтық белсенділікті арттыру және балалар үшін қауіпсіз, қолайлы орта құру. Экологиялық акция екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осы уақыт ішінде ол ата-аналар қауымдастығының қолдауына ие болып, мазмұндық жағынан да, қатысушылар саны жағынан да ауқымын кеңейтті.
Балабақшада 12 топ бар. Әр топтан кемінде 5 ата-анадан қатысып, жалпы саны 60 әке экологиялық шараға белсене араласты. Олар аумақты тазалау, қар күреу, ойын алаңдарын ретке келтіру жұмыстарын бірлесе атқарды. Әкелердің осындай ұйымшылдықпен жұмыла жұмыс істеуі балаларға үлгі ғана емес, ұжымдық жауапкершіліктің нақты көрінісі болды. Бұл біз үшін үлкен қолдау. Әкелердің келуі, атсалысуы балабақша ұжымының бастамаларына деген құрметті, тәрбие ісіне деген ортақ жауапкершілікті білдіреді. Осындай бірлескен еңбектің арқасында бала тәрбиесі отбасы мен балабақша ұйымының өзара ынтымақтастығы негізінде жүйелі түрде жүзеге асады», – деді №70 «Құлыншақ» балабақшасының меңгерушісі Арайлым Нұрсейітқызы.
Іс-шараға қатысқан ата-аналар да бастаманың тәрбиелік маңызына ерекше назар аударды.

«4 жастағы балам осы «Құлыншақ» балабақшасына барып жүр. Осындай тәрбиелік мәні бар іс-шаралар жоспарлы түрде ұйымдастырылып тұрса, әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгін де экологиялық акцияға арнайы келіп, балаларымыздың ойын алаңдарын қардан тазалап, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға атсалыстық.
Әкелердің қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуы бала үшін үлкен тәрбие. Өйткені бала сөзден гөрі әрекетке қарап өседі. Әкесінің еңбек етіп, ортақ іске жауапкершілікпен қарағанын көрген бала да соны бойына сіңіреді. Балабақшаның осындай бастамалары арқылы біз тек аумақты тазалап қана қоймаймыз, өзіміз де рухани тұрғыда өсіп, балаларымызбен бірге дамып келеміз. Қоғамдық іске араласу, ортақ еңбекке үлес қосу отбасы тәрбиесінің бір бөлшегі екенін бүгін тағы бір мәрте сезіндік», – деді экочелленджге белсенді қатысқан әке Арнұр Оралғазыұлы.

Әкенің өнегесі бала үшін өмірлік бағдар. Қоғамға пайдалы еңбек арқылы өскелең ұрпақ еңбексүйгіштікке, табиғатқа жанашырлықпен қарауға, белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бейімделеді. «200 мектеп & балабақша – 4000 әке» экочелленджі әлеуметтік серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде көрініс тапты.
Осыған дейін Астаналық 4 мың әке қар күреу экочелленджіне қатысқанын хабарлаған едік.