Досымжан Таңатаров: 2025 жылы мерейтойлық шығармашылық ән кешімді өткіздім
Танымал әнші Досымжан Таңатаров Elordainfo.kz тілшісіне өзі үшін 2025 жыл табысты болып, сахнада жүргеніне 30 жыл толуына орай шығармашылық есеп беру кешін сәтті өткізгенін айтты.
«Қазақта «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген сөз бар. 2025 жыл мен үшін айтулы жыл болды деп айта аламын.
Жалпы, 25 саны - мен үшін берекелі дата. Өйткені 2000 жылы 25 жасымда отбасыммен Тараздан Астанаға көшіп келдім. Елорда тұрғыны атанғаныма биыл 25 жыл, содан бері бас қаламыздың мәдени дамуына үлес қоссам деген мақсаттарыма қол жеткізіп келемін. Ал сахнада жүргеніме 30 жыл толып отыр, аталған мерейтойлық датаға орай елорда төрінде «Біздің елдің жігіттері» атты шығармашылық ән кешімді өткіздім. Сол кеште мерейтойлық жасымда жылдар бойы жинап-терген өнерімді, көпшіліктің көңілінен шыққан әндерімді ұсынып, елдің алдында есеп беру концертімді бердім. Бұл осы жылдың жұлдызы оңынан туған сәттерінің бірі деп айта аламын», - деді ол.
Сонымен қатар әнші Астана қаласының өмірі мен өнерінде алатын орнына тоқталып, елордамыздың алар асуы алда екенін айтты.
«Астана - маған үлкен серпіліс берген қала. Бас қаламен менің өмірім мен өнерім өріліп жатыр десе де болады. Елорда жылдан-жылға қалай көркейсе, мен де солай жаңа табыстарға кенелдім, жетістіктерге жеттім.
Бүгінде ел жүрегі Астана – тәуелсіздігіміздің символына айналған, мемлекет дамуында үлкен көрсеткіштерді көрсетіп тұрған, халқымыздың мақтанышына айналған қала. Елордамыз жыл санап емес, ай санап көркейіп жатқанына куәміз. Сондықтан алдағы жылы да Астананың дамуы бұдан әрі қарқын алады деп ойлаймын», - деді ол.
Өнер иесі жаңа жылдан үлкен үміт күтетінін айтып, халқымызды, оның ішінде астаналықтарды келе жатқан мерекемен құттықтады.
«Санаулы күндерден соң, 2026 жыл төрімізге озғалы отыр. Келер жылдан да күтер үмітіміз көп. Тағы да дүйім жұртшылықпен жақсы жаңалықтарымызбен, жетістіктерімізбен бөліссек деген ойдамыз. Өнер азаматы ретінде алдыңғы буын аға-апаларымыз секілді елге өнерімізбен еңбек сіңіріп, біз де тарихта қалсақ дейміз. Жаңа ән туып, сол жаңа әуеннің аясында қауышсақ деген ниетіміз бар. Ұл мен қыз өсіріп отырмыз, солардың маман атанып, шаңырақ құрғандарын көргіміз келеді. Адамда арман таусылған ба?! Барлығымыз да сол арманның жетегінде аман-есен жүре берейік. Мен үшін келер жыл керемет жыл сияқты болып көрініп тұрады. Өйткені қазақ халқы жылқының жаратылысы мен болмысына құрметпен қарайды, сондықтан Жылқы жылында да аттай шауып, абырой биігінде өткіземіз деген үміттемін. Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын! 2026 жыл берекелі жыл болсын!», - деді Досымжан Таңатаров.