Декреттік демалыстағы ер адамның жұмыс істемеген уақыты зейнетақы тағайындауда ескеріледі

Декреттік демалыстағы ер адамның жұмыс істемеген уақыты зейнетақы тағайындауда ескеріледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Жұмыс істемейтін әкелердің декреттік демалысы зейнетақы тағайындау кезінде есепке алынады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қабылданған заң аясында кәмелет жасына толмаған балаларға нақты күтім жасаған уақыт енді жұмыс істемейтін әкелердің жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде еңбек өтіліне есептелетін болады. Тиісті нақтылау Конституциялық соттың нормативтік қаулысын іске асыру мақсатында Әлеуметтік кодекске енгізіледі», делінген хабарламада. 

Сонымен қатар депутаттардың ұсынысы бойынша жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-аналарға қатысты еңбек шартын бұзуға тыйым салынады. Осыған байланысты «жалғызбасты аналар» ұғымы «жалғызбасты ата-ана» деп өзгертіледі. 

Бұдан бөлек, мәслихаттардың құзыреті типтік ережелер негізінде «Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы» атағын беру қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша толықтырылады.

Еске салсақ, бала күтіміне байланысты декреттік демалыста.отырған астаналық Сәния Жанпейісованың JolTap бағдарлама арқылы қосымша білім алғаны туралы жаздық.