Цифрлық теңге төңірегінде алаяқтық көбейді – Ұлттық Банк ескерту жасады
Цифрлық теңгеге инвестиция салуға шақыратын жалған ұсыныстар көбейген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық Банкке сілтеме жасап.
Соңғы уақытта алаяқтар әлеуметтік желілерде «цифрлық теңге мемлекеттік инвестициялық жобасы» туралы жарнамаларды кеңінен таратып жатыр.
Олар қысқа мерзімде жоғары табыс табуға болатынын айтып, мемлекет пен Ұлттық Банктің қолдауына кепілдік берілетінін алға тартады. Осылайша, азаматтарды арнайы фишингтік сайттарға бағыттап, «шектеулі ұсыныс» немесе «соңғы мүмкіндік» деген сылтаумен ақша салуға үгіттейді.
Мұндай жалған платформаларда қолданушыларға табыс өсіп жатқандай көрінетін жеке кабинет жасалып, оларды қайтадан қаржы салуға итермелейді. Нәтижесінде алаяқтар азаматтардың қаражатын иемденеді.
«Ұлттық Банк цифрлық теңге – бұл ұлттық валютаның цифрлы түрі және заңды төлем құралы ғана екенін хабарлайды. Яғни, цифрлық теңге инвестициялық құралға жатпайды және пайда табуға арналмаған» - делінеді хабарламада.
Осыған байланысты азаматтарға интернеттегі күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауларға сенбеу ұсынылады. Ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріп, бөгде бағдарламаларды орнатудан бас тарту қажет.
Сондай-ақ жеке деректерді жарияламау, SMS-кодтарды және банк картасының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеу, үшінші тұлғаларға ақша аудармау маңызды.
Ұлттық Банк қызметкерлері ешқашан аудио немесе бейнеқоңырау шалмайтынын, жеке шоттарға қызмет көрсетпейтінін және инвестициялық ұсыныстар жасамайтынын да еске салды.
«Егер алаяқтық жағдайға тап болсаңыз, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Қосымша кеңес алу үшін 1477 нөмірі арқылы Ұлттық Банктің байланыс орталығына хабарласуға болады» - деп хабарлады Ұлттық банкі.
Еске салсақ, жаңа алаяқтық тәсіл - «Жеткізілімді жіберіп алдыңыз» деген жалған хабарламалар таралып жатқанын жазғанбыз.