Жаңа алаяқтық тәсіл: «Жеткізілімді жіберіп алдыңыз» деген жалған хабарламалардан сақ болыңыз
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы азаматтарды алаяқтардың жаңа айласы туралы ескертеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, қаскөйлер мессенджерлер мен SMS арқылы «жеткізілімді жіберіп алдыңыз» деген мазмұнда жаппай жалған хабарламалар таратып жатыр.
Алғаш қарағанда мұндай хабарламалар кәдімгі курьерлік қызметтердің ескертулеріне ұқсайды. Онда сәлемдемені табыстау мүмкін болмағаны және қайта жеткізу үшін арнайы сілтеме арқылы өтуді ұсынатыны жазылады.
Алайда бұл сілтемелер пайдаланушыны ресми логистикалық компаниялардың сайттарына ұқсатып жасалған жалған парақшаларға бағыттайды. Онда азаматтардан аты-жөні, ЖСН, тұрғылықты мекенжайы сияқты жеке деректерді енгізу және жеткізілімді қайта рәсімдеу үшін аз мөлшерде төлем жасау сұралады.
Осындай мәліметтерді енгізіп, төлем жасаған соң, алаяқтар сіздің жеке және банктік деректеріңізге қол жеткізеді. Бұл тек қаржылық шығындарға ғана емес, сонымен қатар жеке мәліметтердің басқа қылмыстық әрекеттерде қолданылуына әкелуі мүмкін.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін мына ережелерді сақтаған жөн:
- Егер ешқандай жеткізілім күтпесеңіз, күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз;
- Сайттың мекенжайын мұқият тексеріңіз — жалған ресурстар көбіне бір-екі таңбамен ғана ерекшеленеді;
- Белгісіз сайттарға жеке және банк деректерін енгізбеңіз;
- Жеткізілім мәртебесін тек ресми сайттар мен қосымшалар арқылы тексеріңіз;
- Күмәнді хабарламаларды елемей, бірден бұғаттаңыз.
«Алаяқтар адамдардың сенгіштігі мен жеткізілім туралы хабарламаларға тез әрекет ету әдетін тиімді пайдаланады. Сондықтан мұндай схемалар жылдам таралып, кез келген адамды алдауы мүмкін», - делінеді хабарламада.
Цифрлық қауіпсіздікке мұқият қарау — қаржылық шығындар мен жеке деректердің таралуынан қорғанудың ең сенімді жолы.