Былтыр Қазақстанда TikTok-тағы 5,5 млн-нан астам бейнеролик бұғатталды
Бейнероликтер платформасы ереже бұзғаны үшін жойылған контенттерге қатысты ақпарат жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz TikTok платформасына сілтеме жасап.
Платформада қазақ тілінде жаңа Сенім және қауіпсіздік орталығы іске қосылған. Бұл орталық қауымдастық ережелері мен Ашықтық орталығын және пайдалы ақпараттық ресурстарын бір құрылымға біріктіреді.
Ашықтық орталығы тоқсан сайын жойылған контент туралы ақпарат ұсынады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша TikTok Қазақстанда қауымдастық ережесін бұзғаны үшін 5,5 млн-нан астам бейнероликті жойды.
«Бейнеконтенттің 99,9%-ы алдын ала, яғни оған пайдаланушылар тарапынан шағым түспей тұрып жойылды, бұл ең жоғары көрсеткіштің бірі (2024 жылы ол 95% болған). Роликтердің 98,5%-ы жарияланғаннан кейін 24 сағат ішінде жойылды, бұл да рекордтық деңгей.
Әлем бойынша былтыр 780 млн-нан астам бейнеролик жойылды», делінген хабарламада.
Патформа былтыр әлем бойынша 13 жасқа толмаған пайдаланушыларға тиесілі шамамен 93,5 млн аккаунтты жойды.
Сонымен қатар платформа LIVE форматындағы тікелей эфирлердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Платформада тоқтатылған тікелей эфирлер саны айтарлықтай артты, сондай-ақ авторларға қатысты қолданылған шаралар, оның ішінде монетизацияны шектеу және ескертулер беру көбейді.
Еске сала кетсек, Шымкентте полиция формасымен тікелей эфирге шыққан тиктокер жауапқа тартылды.