Бірыңғай даму экожүйесінің қалыптасуы өңірлік теңсіздіктің азаюына ықпал етеді – Раушан Дуламбаева

Бірыңғай даму экожүйесінің қалыптасуы өңірлік теңсіздіктің азаюына ықпал етеді – Раушан Дуламбаева
Фото: Раушан Дуламбаеваның жеке мұрағатынан

Еліміздегі жаңа конституциялық реформалар жөнінде ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының профессоры Раушан Дуламбаева осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Экономика ғылымдарының докторы Раушан Тілегенқызынің айтуынша, қазіргі кезеңде мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі оның институционалдық сапасымен, құқықтық реттелу деңгейімен және стратегиялық жоспарлау мүмкіндіктерімен айқындалады. Жаһандану, цифрландыру және әлеуметтік-экономикалық күрделену жағдайында мемлекеттер басқару архитектурасын үнемі жетілдіруді талап ететін жаңа сын-қатерлерге тап болып отыр.

«Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасы жаңа конституциялық реформалары мемлекеттік институттарды қайта құрылымдау мен билік тармақтарының теңгерімін жетілдіруге бағытталған жүйелі қадам ретінде қарастырылуы мүмкін. Конституциялық жаңғырту тек нормаларды түзету емес, мемлекеттік басқарудың стратегиялық моделін қайта пайымдау үдерісі. Алғашқыда Конституция жобасындағы адамға бағытталған құндылықтық декларация іспетті көрінген бұл қағида іс жүзінде нақты құқықтық механизмге айналып, стратегиялық басымдықтарды экономикалық және әлеуметтік саясатқа енгізуге жол ашады. Бұл Конституция жобасының 5-бабында қарастырылған арнайы құқықтық режимдерді енгізу және «жеделдетілген даму қалаларын» құру мүмкіндігімен байланысты. Конституциялық экономика теориясы тұрғысынан алғанда, Негізгі заң басқарушылық шешімдерді іске асырудың экономикалық ережелерін, яғни нормаларды жүзеге асыратын нақты құралдарды айқындайды», - дейді Раушан Тілегенқызы.

Профессордың пайымдауынша, конституциялық деңгейде мақсат пен басқару құралдарының өзара байланысы қалыптасады. Егер 3-бап мемлекеттің не үшін дамуы тиіс екенін айқындаса, 5-бап бұл дамуды қалай қамтамасыз етуге болатынына жауап береді.

Негізгі заң бір мезгілде мақсатты – адам капиталын дамыту міндетін бекітіп, оны жүзеге асыру құралы ретінде арнайы құқықтық режимдерді ұсынады. Бұл әлеуметтік-экономикалық жүйедегі барлық субъектілер –мемлекет, бизнес және азаматтар үшін түсінікті әрі тұрақты ережелер қажет деген конституциялық экономика қағидаттарына толық сәйкес келеді.

«Мұндай модель жағдайында мемлекет экономикалық саясаттың басымдықтарын өз қалауынша өзгертіп, адам капиталы мен кәсіпкерлікті дамытуға салынатын инвестицияларды елемей кете алмайды. Себебі даму бағытын Конституцияның өзі айқындайды. Әлемдік тәжірибеде қаржы, басқару және әкімшілік салаларында ерекше режим енгізілген аумақтар серпінді қалалар, технологиялық, білім беру және инновациялық хабтар мен кластерлерді дамытуға тиімді құрал ретінде қолданылады. Бизнесті, әлеуметтік инфрақұрылымды және зерттеу орталықтарын біріктіретін бірыңғай даму экожүйесінің қалыптасуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлік теңсіздіктің азаюына ықпал етеді», - дейді ғалым.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда нақты мерзімдер, мақсаттар мен бағыттар белгіленген кезде бюджет қаражатын бөлу мәселесі де өзекті бола түседі.

«Жеделдетілген даму қалаларын» қаржыландыру кезінде нақты көрсеткіштер – еңбек өнімділігінің өсуі, жоғары білікті жұмыс орындарының ашылуы, ғылыми әзірлемелердің коммерцияландырылуы, адам капиталының тартылуы сияқты KPI жүйесінің болуы аса маңызды екенін ескертеді. Бұл көрсеткіштер министрліктердің, әкімдіктердің және квазимемлекеттік сектордың қызметін бағалау жүйесіне енгізілуі тиіс», - дейді ол.