Бибігүл Жексенбай: Патриотизм туралы айтқанда да Мемлекет басшысы нақты өлшем ұсынады

5 қаңтар, 2026
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Бибігүл Жексенбай: Патриотизм туралы айтқанда да Мемлекет басшысы нақты өлшем ұсынады
Фото: Парламент Сенатының баспасөз қызметінен

Қазіргі заман – ақпараттың емес, мағынаның дәуірі. Жаңалық көп, бірақ ой аз. Әлеуметтік желілер санаға жылдам әсер етеді, алайда терең пайымға жетелей алмайды. Осындай кезеңде баспасөздің, әсіресе сапалы газет-журналдардың миссиясы бұрынғыдан да айқындала түсті. Мемлекет басшысының Жаңа жылдың еліміздің белді басылымына арнайы сұхбат беруімен бастауы - жақсы дәстүрге айналды. Бұл туралы Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Жұртшылық ерекше күтетін бұл дәстүр ел Президентінің баспасөздің ағартушылық, талдамалық рөлін ерекше бағалауын айшықтайды. Ойлануға үйрететін, асықпай оқылатын мәтіндер – қоғамның зияткерлік иммунитеті. Оқитын ұлт қана алдыңғы қатарда болады. Президент айтқандай, 2025 жыл Қазақстан үшін экономикалық көрсеткіштер тұрғысынан табысты болды. Экономика өсімі 6 пайыздан асты, жалпы ішкі өнім 300 миллиард долларға жетті. Алайда бұл жетістіктерге масаттануға болмайды. Мемлекет басшысы екпін түсірген ой, өсімнің өзі мақсат емес, ол азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етуі тиіс. Инфляция – көзге көрінбейтін, бірақ ең қауіпті жау. Сондықтан Үкімет пен әкімдерге қойылатын талап – бір сәтке де босаңсымау, әлеуметтік-экономикалық қаңқаны нығайту», - деді спикер.

Сенат депутатының айтуынша, өткен жылдың басты қорытындысы – реформалардың қайтымсыздығы.

«Бұл сөз саяси ұран емес, тарихи межені білдіреді. Қазақстан бұрынғы инерциямен өмір сүрмейді. Алға жылжу бар, ол күрделі, кейде ауыр, кейде қоғамға ұнамайтын шешімдер арқылы жүзеге асуда. Бірақ Мемлекет басшысы үшін басты өлшем – популизм емес, нәтиже. «Бізде басқа жол жоқ» деген сөздің астарында үлкен жауапкершілік жатыр. Сол жауапкершіліктің айқын көрінісі – салық реформасы. Жаңа Салық кодексі фискалдық науқан емес, экономикалық ойлаудың өзгеруі ретінде ұсынылды. Бұл – мемлекет, бизнес және азамат арасындағы жаңа қоғамдық келісім. Мұнда салық жазалау құралы емес, ортақ жауапкершіліктің тетігі. Мемлекет басшысы атап өткендей, әділетті салық жүйесі әлсізді қолдап, экономиканың тірегін нығайтуы тиіс. Салық төлеу – мәжбүрлік емес, заманға сай патриотизмге айналуы қажет», - деді депутат.

Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, экономикадағы теңгерімсіздіктерді түземейінше, ұзақмерзімді тұрақтылыққа қол жеткізу мүмкін емес.

«Энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымдағы мәселелер – ондаған жыл бойы қордаланған шындық. Оларды жасырып, бюджет қаржысымен уақытша жамау нәтижесіз екенін өмірдің өзі көрсетті. Қазір бұл салада нақты модернизация басталды: апаттық тәуекел азайды, «қызыл аймақтағы» нысандар саны қысқарды. Мұнда да Мемлекет басшысы үшін бастысы – көзбояушылық емес, нақты нәтиже. Тариф мәселесі – ең сезімтал тақырыптардың бірі. Алайда шындықты айналып өту мүмкін емес. Арзан тарифтер байларға жасырын субсидия болды. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидаты әділетті экономиканың негізі. Ал әлеуметтік осал топтар міндетті түрде адресаттық қолдауға ие болуы тиіс. Әділет дегеніміз – барлығына бірдей емес, әркімге қажеттісін беру. Қазақстанның транзиттік әлеуеті – стратегиялық артықшылық. Ел аумағы арқылы өтетін халықаралық дәліздер, жаңа теміржол желілері, порттар мен логистикалық хабтар – мұның бәрі елді Еуразияның көлік қақпасына айналдыруға бағытталған. Мұнда да жүйелілік пен ұзақмерзімді көзқарас қажет», - деді халық қалаулысы.

Спикердің пікірінше, аграрлық секторға көрсетіліп отырған қолдау ауқымды.

«Бірақ Мемлекет басшысы атап өткендей, субсидияның өзі тәуелділікке айналмауы тиіс. Кооперация, өнімділік, экспортқа бағытталған өндіріс – ауыл шаруашылығының болашағы осында. Қазақстан тек астықпен емес, ет экспортымен де әлемдік нарыққа шығуға қабілетті. Туризм, цифрландыру, жасанды интеллект, атом энергетикасы, сирек кездесетін металдар – бұлардың барлығы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер терезесі. Бірақ кез келген технологияның өзегінде адам капиталы тұрады. Сондықтан білім, кадр даярлау, еңбек мәдениеті – мемлекеттің басты инвестициясы. Қаңтар оқиғалары, заңсыз активтерді қайтару, сыбайлас жемқорлықпен күрес – мұның бәрі әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған. Бұл – науқан емес, принцип», - деді депутат.

Бибігүл Жексенбай мемлекет заң аясында әрекет етіп, әлемге өзінің ұстанымын ашық көрсетіп отырғанын айтты.

«Патриотизм туралы айтқанда да Мемлекет басшысы нақты өлшем ұсынады. Патриотизм – ұран емес, еңбек. Елге адал қызмет етіп жүрген инженер, дәрігер, мұғалім, фермер – нағыз отаншыл тұлғалар. Мемлекет басшысының Turkistan басылымына берген сұқбатында айқын айтылған ой алда тұрған 2026 жыл – тағдырлы кезең. Саяси және экономикалық реформалардың жаңа кезеңі басталады. Бұл жол – жеңіл емес. Бірақ тарих көрсеткендей, қиындықтардан қашпай, шындыққа тура қараған қоғам ғана өседі. Әр оқырманның санасында қалыптасуы қажет парасатты пайым. Қазақстан дәл осы жолды таңдады», - деп сөзін түйіндеді Бибігүл Жексенбай.

Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.