Бибигүл Жексенбай: Мәдениетті қолдау – Парламент жұмысындағы басым бағыттың бірі
Сенат депутаты Бибигүл Жексенбай Астанадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда болып, еліміздегі жетекші мәдениет мекемесінде ұжыммен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында мәдениет пен өнерді дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі және қоғамның рухани әлеуетін қалыптастырумен тікелей байланысты екені атап өтілді. Саланы тиімді дамыту жүйелі заңнамалық тәсілді және тұрақты құқықтық базаны талап етеді.
«Шығармашылық қоғамдастық өкілдерінің, салалық сарапшылар мен заңгерлердің белсенді қатысуымен әзірленген авторлық құқық саласындағы жаңа заң маңызды қадам болды. Бұл құжат Парламент депутаттарының ұзақ әрі жүйелі жұмысының нәтижесі. Оның басты мақсаты - авторлардың, орындаушылардың және шығармашылық ұжымдардың құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ету», - деп атап өтті Бибигүл Жексенбай.
Жанды дауысты қолдау және кәсіби әртістерге әділетті жағдай қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сенатор фонограмманы пайдалануға шектеулер енгізу қоғамдық сұранысқа және халықаралық тәжірибеге негізделген салмақты шешім екенін айтты.
Бибигүл Жексенбай Парламент мәдениет саласындағы заңнаманы жетілдіру, авторлық құқықтарды қорғау тетіктерін нығайту және шығармашылық ұжымдарды қолдау бойынша жұмысты одан әрі дәйекті түрде жалғастыратынын атап өтті.