Бектенов: Стратегиялық маңызды минералдар жаңа индустриялық дәуірдің негізгі ресурстарының біріне айналуда

Бүгін, 10:05
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Бектенов: Стратегиялық маңызды минералдар жаңа индустриялық дәуірдің негізгі ресурстарының біріне айналуда
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов 16-шы Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресіне қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Конгресс – жыл сайын тау-кен металлургия саласының болашағын талқылау үшін түрлі мемлекеттер өкілдерін, бизнес қауымдастығын, сарапшылар ортасын және халықаралық ұйымдар өкілдерінің басын біріктіретін беделді алаң. Форумға әлемнің 16 елінен 1,5 мыңнан астам делегат жиналуы – Қазақстанның тау-кен металлургия кешенін дамытуға деген жоғары қызығушылықтың айқын дәлелі.

Премьер-министр пленарлық сессияда сөйлеген сөзінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 6,5% деңгейінде тұрақты өсім көрсеткенін атап өтті. Жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет $300 млрд-тан асты. Бұл нәтиже – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың технологияларға, инвестицияларға, өнеркәсіп пен адами капиталды дамытуға негізделген заманауи экономика құру бағытының жемісі.

«Еліміздің жаңа Конституциясы осы бағыттың институционалдық негіздерін бекітеді. Ол меншік құқығы мен инвестицияларды қорғау кепілдіктерін күшейтеді, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтады және елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуы үшін берік негіз қалыптастырады.

Тау-кен металлургиясы кешенін одан әрі дамыту ісінде бұл мәселе айрықша маңызға ие. Жер қойнауын пайдалану, металлургия және терең өңдеу салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру қомақты инвестиция мен ұзақмерзімді инвестициялық циклдерді талап етеді. Сондықтан институттардың орнықтылығы, реттеудің болжамдылығы және бизнес тарапынан сенімнің жоғары деңгейі саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың біріне айналуда», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазақстан бәсекелік артықшылықтарына сүйенген заманауи индустриалды саясатты жүзеге асыра отырып, жаңа буын өндірістерін құру арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуді жалғастырады.

Қазақстан Премьер-министрі өз сөзінде тау-кен металлургия кешенінің маңыздылығын атап өтті.

Бүгінгі таңда ТМК елдердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторларының біріне айналуда. Әлем жаңа индустриалды дәуірге қадам басты, онда энергетика, цифрлық экономика, жасанды интеллект, электр көліктері, микроэлектроника және аэроғарыш салаларының даму қарқыны металдар мен минералдық шикізатқа сенімді қолжетімділікке тікелей байланысты.

Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша, алдағы онжылдықтарда энергетикалық өтпелі кезең мен жаһандық экономиканың технологиялық трансформациясы әсерінен көптеген металдарға әлемдік сұраныс тұрақты түрде өседі.

«Озық технологияларды меңгеру, өңдеу және жаһандық өндірістік тізбектерге қатысу ерекше маңызға ие.

Стратегиялық маңызы бар минералдар нарығы да ерекше әрі жоғары сұранысқа орынға ие болып отыр. Бүгіннің өзінде олар аккумуляторлар, жартылай өткізгіштер, энергия сақтау жүйелері, цифрлық инфрақұрылым және басқа да көптеген бірегей технологиялар өндірісінің негізіне айналды. Іс жүзінде дәл осы стратегиялық маңызды минералдар жаңа индустриялық дәуірдің негізгі ресурстарының біріне айналуда.

Қазақстан елеулі минералдық-шикізаттық әлеуетке ие және осы үдерістерде лайықты орын ала алады. Еліміз пайдалы қазбалардың бірқатар түрлері бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кіреді, ал отандық тау-кен металлургия кешенінің өнімдері әлемнің ірі нарықтарында жоғары сұранысқа ие. Біз бұл саланы дамытуды еліміздің жаңа өнеркәсіптік саясатының стратегиялық бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Еске сала кетейік, Үкімет 2025 жылы өнеркәсіп пен цифрландыруды дамытуды жалғастырды.