Бас прокуратура заңсыз активтерді қайтару бойынша 2025 жылдың есебін жариялады
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қарсы іс-қимыл және қабылданған жүйелі шаралар туралы есебін жариялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Жалпы, мемлекетке 1,3 трлн теңгеден астам сомаға активтерді қайтару бойынша шаралар қабылданды. 1,076 трлн теңге сомасына активтер нақты қайтарылды (ақшалай – 968,5 млрд теңге, заттай мүлік түрінде – 107,7 млрд теңге). Оның ішінде 2025 жылы – 316,7 млрд теңге (ақшалай – 278 млрд теңге, заттай мүлік түрінде – 38,7 млрд теңге)», – деп жазылған есепте.
Қайтарылған активтердің қатарында коммерциялық және тұрғынжайлар, элиталық жылжымайтын мүлік, оның ішінде шетелде орналасқан жер учаскелері, кәсіпорындардағы акциялар мен үлестер, автокөлік құралдары, зергерлік бұйымдар, сән-салтанат заттары және басқа да құнды мүліктер бар.

«Қайтарылған ақшалай қаражат пен мүліктен бөлек, келісу рәсімдерінің нәтижелері бойынша Заң субъектілері экономикалық объектілерді салу және жаңғырту, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша 5,2 трлн теңге сомасына инвестициялық жобаларды дербес іске асыру міндеттемелерін қабылдады.
Олардың қатарында туристік кешендер, көлік-логистикалық орталықтар, зауыттарды салу және жаңғырту, басқа да ірі өнеркәсіптік объектілерді іске қосу, сондай-ақ спорттық, медициналық, білім беру және өзге де әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу көзделген», – делінген ақпаратта.

Аталған жобалар шеңберінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру, 2,5 мыңға жуық қолданыстағы жұмыс орнын сақтау, бюджетке жыл сайын 1 млрд теңгеден астам қаражаттың түсуі, сондай-ақ өндірілетін өнімнің кемінде 20%-ын экспортқа шығару күтіледі.
Өз кезегінде, әлеуметтік жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, оның ішінде медициналық қызметтерге және бұқаралық спортқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Заңға сәйкес мемлекетке қайтарылған активтерді Қазақстан Республикасының Үкіметі елдің орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету мақсатында пайдаланады.

«Республикалық бюджеттік комиссияның шешімі бойынша Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жалпы сомасы шамамен 480 млрд теңгеге 434 әлеуметтік және өзге де объектінің құрылысы қаржыландырылды.
Олардың ішінде 227 сумен жабдықтау объектісі, 183 медицина объектісі, 11 білім беру объектісі, 5 спорт объектісі, сондай-ақ 8 инфрақұрылымдық жоба (оның ішінде Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы 3 әуежай) бар.
Объектілерді іріктеу кезінде олар аса қажет болатын шалғай елді мекендерге ерекше назар аударылады.
Нәтижесінде тұрғындар жаңа мүмкіндіктерге ие болып, тұрмыс жағдайларының айтарлықтай жақсарғанын сезінуде, бұл олардың күнделікті өмірін анағұрлым жайлы әрі тұрақты етеді», – деп жазылған есепте.