Барлық өңірде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қорғаншылық және қамқоршылық органдарының жұмысын жаңғырту аясында еліміздің 20 өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылып, жұмысын бастады. Қазіргі таңда бұл басқармаларда 135 маман қызмет атқарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа құрылымның негізгі міндеті - балаларға қатысты мәселелерге жедел ден қою, қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға нақты көмек көрсету және өңірлік қызметтердің жұмысын үйлестіру. Мұндай басқару жүйесі мәселелердің алдын алып, әрбір баланың құқықтары мен мүдделерін жергілікті жерде тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Реформаның маңызды бағытының бірі - кадрлық әлеуетті күшейту. Заңнамада «5 мың балаға - бір маман» қағидатының бекітілуінің нәтижесінде жыл басынан бері қорғаншылық және қамқоршылық органдары қызметкерінің саны үш еседен астам өсіп, 303-тен 1 029 маманға жетті. Сондай-ақ мамандар үшін бірыңғай жұмыс стандарты мен кәсіби даярлау бағдарламасы енгізіліп жатыр. Бұл еліміздің барлық өңірінде балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
Институционалдық өзгерістермен қатар қызметкерлердің бірыңғай келбетін қалыптастыруға да ерекше назар аударылды. 22 наурыздан бастап белгіленген үлгідегі қызметтік киім кию қағидасы күшіне енді. Арнайы киім мамандардың мәртебесін арттырып, көшпелі іс-шаралар барысында олардың қызметін тиімді жүзеге асыруына және азаматтардың сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Айта кету керек, бұл бастама Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірлесіп жүзеге асырылды.