Бақдәулет Жанділдаев: Жаңа Конституцияның қолданысқа енгізілуі – ел жаңғыруы жолындағы маңызды белес
1 шілдеден бастап Қазақстанның жаңа Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Елдің құқықтық және саяси дамуындағы жаңа кезеңі басталды. Жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата заң мемлекеттің одан әрі даму бағытын, қоғамның негізгі құндылықтарын және билік институттарының жаңа моделін айқындайды. Астана қаласы Қоғамдық кеңесі мүшесі Бақдәулет Жанділдаев әлеуметтік желіде қолданысқа енген жаңа Конституция туралы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Жаңа Конституцияда адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігі, әділеттілік, ұлттық бірлік, білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттары ретінде белгіленген. Ата заң мемлекеттік басқару жүйесіне де бірқатар өзгерістер енгізді. Атап айтқанда, Вице-президент институты құрылып, бір палаталы Құрылтай заң шығарушы жоғары өкілді орган ретінде айқындалды. Сондай-ақ, қоғам мен мемлекет арасындағы ашық диалогты дамыту мақсатында заңнамалық бастама көтеруге және референдум өткізуге ұсыныс енгізу құқығы бар Халық кеңесі құрылады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция елдің құқықтық жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған маңызды конституциялық құжат болып табылады», - деп пікір білдірді.