Автосалонда азаматтарды 36 млн теңгеге жаңылыстырған семейлік алыпсатар сотталды
Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында алаяқтық жасағаны үшін айыпталған С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралып, аса ірі мөлшердегі алаяқтық ісі бойынша үкім шығарылды. Бұл туралы Абай облысы соттары телеграм парақшасы мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Белгілі болғандай, 2024 жылғы тамыз айынан 2025 жылғы сәуір айына дейін ер адам автокөліктерді сатып алу және қайта сату сылтауымен азаматтарды жаңылыстырып, олардан ақша қаражатын және автокөліктерді алып, оны өз қалауы бойынша пайдаланған.
Семей қаласындағы автосалонның қаржы директорымен ғимарат ішінде кеңсе жалдау туралы келіскен С. онда жаңа және қолданыста болған автокөліктерді комиссиялық негізде сатумен айналысып жатқандай көрініс жасаған. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал 36 миллион теңгеден асқан.
«С.-ның әрекеттері ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша, яғни аса ірі мөлшерде, бірнеше рет жасалған алаяқтық ретінде сараланды. Аталған баптың санкциясында ұрланған мүліктің 3 еселенгеннен 5 еселенген мөлшеріне дейін айыппұл салу немесе мүлкін тәркілей отырып, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», - делінген хабарламада.
Сот талқылауы барысында сотталушының кінәсі оның өз кінәсін мойындаған көрсетулерімен, жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, сондай-ақ іс материалдарымен толық дәлелденді. Сот жаза тағайындау кезінде кінәні толық мойындауы мен шынайы өкінуін жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескеріп, ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын назарға алған.
Сот үкімімен С.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот жәбірленушілерге келтірілген материалдық залалды өтеуді қанағаттандырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Түркістанда дімкәс әкесін аяусыз ұрып-соққан ер адам 5 жылға сотталғанын жазған болатынбыз.