Түркістанда дімкәс әкесін аяусыз ұрып-соққан ер адам 5 жылға сотталды

Бүгін, 15:35
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Түркістанда дімкәс әкесін аяусыз ұрып-соққан ер адам 5 жылға сотталды
фото: Оңалхан Өнерхан

Түркістан облысында егде жастағы әкесін ұрып-соққан ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық сотқа сілтеме жасап. 

Соттың Telegram-дағы арнасында жарияланған мәлімет бойынша, Жетісай аудандық сотында дәрменсіз күйде болған адамға қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру (ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы) және азаптау (ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы) бойынша айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

«Сотта анықталғаны: сотталушы 2020 жылдан бері денсаулығы нашарлап, қозғалуында қиындықтары болған 70 жастағы әкесін жүйелі түрде ұрып-соққан. Салдарынан жәбірленуші физикалық және психикалық азап шегіп, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген.

Сотталушының кінәсі өзінің түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейне материалдармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен толық дәлелденген (алынған жарақаттар орташа ауырлықтағы дене жарақаты ретінде сараланып, өліммен тікелей себептік байланысы жоқ)», - делінген хабарламада.

Прокурор сотталушыға 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Жәбірленушінің өкілі жеңіл жаза беруді сұраған. Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларды: сотталушының бұрын сотталмағаны, кінәсін мойындауы және өкініш білдіруі, кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерген. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Сот үкімімен сотталушыға түпкілікті жаза ретінде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.