Аутизмді ерте анықтау: Елімізде 80 орталық медициналық оңалту көмегін ұсынады
2026 жылы елімізде динамикалық бақылауда аутистік спектрдегі бұзылыстары бар 17 196 бала тіркелген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауынша, әлемде әрбір 100 баланың шамамен 1-інде АСБ диагнозы бар. Бұл көрсеткіштің өсуі, ең алдымен, диагностиканың жақсаруына, ерте анықтау бағдарламасының кеңеюіне және медициналық көмектің қолжетімділігінің артуына байланысты.
«Қазақстанда АСБ бар балаларға көмек көрсетудің бірыңғай маршруты қалыптастырылған. Ол 16 айдан 30 айға дейінгі балаларда аутизмді ерте анықтаудан бастап, кешенді көмек көрсету, оңалту, білім беру және әлеуметтік бейімдеуге дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Денсаулық сақтау жүйесінде диагностика M-CHAT-R скринингі арқылы жүргізіледі. Қазақстанда АСБ диагнозы тек 3 жастан бастап психиатр тарапынан қойылады. Айқын және ауыр белгілер байқалған жағдайда психикалық денсаулық орталықтарында мамандандырылған көмек (дәрі-дәрмекпен емдеу және стационарлық ем) көрсетіледі», делінген министрлік хабарламасында.
Аутизм кезінде түзету көмегі симптомдардың айқындылығын төмендетуге және өмір сапасын арттыруға бағытталған. Әлемде негізгі емдеу әдісі ретінде психологиялық-педагогикалық және мінез-құлықтық терапия танылған.
Қазір медициналық оңалту көмегін 80 оңалту орталығы, оның ішінде 20-і – ерте араласу орталығы көрсетеді. Әлеуметтік қорғау жүйесінде 8 күндізгі болу орталығы, ал білім беру жүйесінде АСБ бар балаларға арналған 11 түзету орталығы жұмыс істейді.
Еске сала кетсек, жыл сайын 2 сәуірде бүкіл әлемде аутистік спектрдегі бұзылыстар туралы ақпаратты тарату күні атап өтіледі. Бұл күннің негізгі мақсаты – қоғамның хабардарлығын арттыру, қабылдау мәдениетін қалыптастыру және даму ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау.
Еске сала кетсек, Астанада ерекше балалар концерті өтті.