Аутизм туралы ақпарат тарату күні: Астанада ерекше балалар концерті өтті

Бүгін, 12:23
Думан Аманжол Думан Аманжол
Аутизм туралы ақпарат тарату күні: Астанада ерекше балалар концерті өтті
Фото: Нұркен Мерғалиев

Астанада 2 сәуір - Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні аясында қайырымдылық іс-шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Ерекше балалардың шығармашылығын қолдауға бағытталған шараны елорданың «Нұра» ауданының әкімдігі Astana Opera мемлекеттік опера және балет театры, Abaqus-Daryn қоры және Болат Өтемұратов қоры бірлесіп ұйымдастырды.

Astana Opera театры ғимаратында ерекше балалардың қатысуымен қайырымдылық концерті ұйымдастырылып, ол көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар аутизмі бар балалардың салған суреттері мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұсынылды.

Көрме келушілер ерекше қажеттілігі бар балалардың шығармашылық әлеуетін жақыннан танып, олардың өнерін жоғары бағалады.

Шараға Ақтөбе, Абай, Қарағанды өңірлері мен Астана қаласынан 63 бала қатысты. Олар сахнада ән айтып, өнерлерін көрсетті.

Елорданың «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсәметова шараның негізгі мақсаты – қоғамның назарын аутизм мәселесіне аудару, ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау және инклюзивті ортаны дамыту екенін айтты.

 

«Бүгінгі концертке Ақтөбе, Абай облыстары, Астана және Қарағанды қалаларынан 63 бала қатысып жатыр. Бүгін балалар өлеңін айтып, би билеп, өнерін ортаға салады. Мен оларды тәрбиелеп отырған ата-аналарына алғыс айтқым келеді. Біз мұндай балаларды ел болып, мемлекет болып қолдауымыз қажет», - деді ол.

 

Abaqus-Daryn қорының жетекшісі Дархан Ажмолдаев мұндай шаралар бес жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтті.

«Ата-аналарға айтарым - баласының бойынан аутизм белгісі көрінсе, көп созбай мамандарға апарғаны дұрыс. Әр баланың өзінің мықты тұсы болады. Ата-анасы соны байқап, кейін әрі қарай дамыту керек. Жалпы, біздің қор Астана қаласынан талантты, ән айтатын, би билейтін, музыкалық аспапта ойнайтын балаларды жинап, тегін концерттер ұйымдастырып келеді», - деді ол.

 

Шараға қатысқан жас өнерпаздардың бірі Дарын Ажмолдаев болашақта әнші әрі IT-маман болуды армандайтынын жеткізді.

«Қазіргі таңда мен түрлі концерттерде өнер көрсетемін. Бүгін мен «Шынарым» әнін орындаймын. Мен 7-сыныпта оқимын. Маған фортепианода ойнаған ұнайды. Сондай-ақ мектепте математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдері пәні ұнайды», - деді ол.

Өнер арқылы жүректерді жақындатқан бұл кеш әр баланың мүмкіндігі шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.