Астанадағы сайлау учаскелерінде Наурызға арналған мерекелік бағдарламалар ұйымдастырылды
Елорданың сайлау учаскелерінде референдум күні ерекше мерекелік атмосферада өтіп жатыр. Қаладағы бірқатар учаскеде Наурыз мейрамымен ұштасқан концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, өнерпаздар тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мерекелік шаралар №80, 81, 98, 99, 101, 104 және 105 сайлау учаскелерінде өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – референдум күні тұрғындарды бірлік пен жаңару рухында біріктіріп, ұлттық мәдени мұраны кеңінен насихаттау. Концерттік бағдарлама барысында ұлттық киім киген өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар Наурыз мейрамының сәнін келтіріп, қазақтың дәстүрлі әндері мен билерін орындады.

Дауыс беруге келген тұрғындар тек өз таңдауын жасап қана қоймай, концерттік бағдарламаны тамашалап, мерекелік көңіл күйге бөленді. Учаскеге келген қала тұрғыны Мейрам Қажыбаев еліміздің болашағына қатысты өз тілегін жеткізді.
«Еліміздің болашағы жарқын болсын деймін. Бейбіт заман болсын. Ұрпағымыздың келешегі кемел болсын!», – деді ол.
Марлен есімді тұрғын бүгінгі күннің өз отбасы үшін де ерекше екенін атап өтті.
«Мен бүгін екі ұлыммен келдім. Екеуі де 18 жаста, алғаш рет дауыс беріп жатыр. Балаларымның есімі – Назар мен Нариман», – деді ол.
Диас есімді тұрғын да референдумның ел болашағы үшін маңызды екенін айтты.
«Бүгінгі референдум бүкіл еліміз үшін өте маңызды. Себебі еліміздің басты құжаты – Конституция. Біз болашағымыз үшін келіп дауыс бердік», – деді ол.
Осылайша, қаладағы бірнеше учаскеде ұйымдастырылған мәдени шаралар референдум мен Наурыз мейрамын ұштастырып, тұрғындарға ерекше мерекелік атмосфера сыйлады.

